Петропавлда жақсы оқитын оқушыларға шәкіртақы төленеді

0
596


Петропавлда жақсы оқитын оқушыларға шәкіртақы төленеді

ERNUR.KZ Облыс орталығындағы мектептердің бірінде жүзден астам балаға ай сайын қаржылай қолдау көрсетіледі. Осының арқасында озат оқушы көбейген. Тіпті өзге білім ошағынан ауысып келгісі келетіндер де бар, деп жазады Zakon.kz.


Максим Серенко төртінші сыныпта оқиды. Оқуда озат, өнерде өрелі, ал спортта алда. Ең сүйікті пәні - дене шынықтыру. Сабағын кілең беске оқитындықтан ай сайын шәкіртақы алады. Оны қажетіне жұмсайды.

"Тіл үйрену үшін арнайы студияға барып, курсқа қатысып жүрмін. Себебі ол болашақта өзіме керек болады ғой. Оқудың ақысын шәкіртақымнан төлеймін".Оқушы Максим Серенко

Мектепте мыңға жуық оқушы білім алады. Әр тоғызыншы бала - оқу озаты. Төленетін шәкіртақы сомасы балалардың жас ерекшелігіне байланысты. Мысалы, екінші сынып оқушыларына 3 мың теңге, ал жоғары сыныптағылар 20 мың теңгеге дейін алады.

"Қазір қажетті затты ата-анамнан сұрамай, өзім сатып алуға тырысамын. Сіңілім де осы мектепте озат оқиды. Екеуіміз шәкіртақымызды жинап, 180 мың теңгеге күшік алдық. Бұл біздің көптен бергі арманымыз еді".Оқушы Полина Васильева

Мектеп директорының сөзінше, мұндай бастаманың арқасында балалар сабаққа ден қойып, үнемі жақсы көрсеткіштерге ұмтылады. Былтыр 49 оқушы халықаралық, тағы 56-сы республикалық олимпиадаларда топ жарған.

"Шәкіртақы алу үшін басқа мектептен бізге ауысқысы келетіндер көбейді. Сондай-ақ балалардың оқуға деген қызығушылығы артты. Яғни уақыт өткен сайын мектебімізде білім сапасы жақсарып келеді".Мектеп директоры Аққу Омарова

Ынталандыру шәкіртақысын осы мектептің түлегі, қаладағы меценаттардың бірі өз қалтасынан төлейді. Ол айына шамамен бұл мақсатқа бір миллион теңге аударады.