Пойыздар кешігіп жатыр – министр себебін айтты

0
617

Сенат отырысынан кейінгі брифингте журналистер пойыздардың кешігу мәселесін көтерді.


Пойыздар кешігіп жатыр – министр себебін айтты

ERNUR.KZ. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев пойыздардың неліктен кешігіп келіп жатқанын түсіндірді, деп жазады sputnik.kz.

Сенат отырысынан кейінгі брифингте журналистер пойыздардың кешігу мәселесін көтерді. "Өткен аптада әлеуметтік желіде Астаның ескі вокзалында пойыздар кешіккені туралы көп жазылды, әлі де солай дейді. Негізгі себебі қандай?", - деп сұрады тілшілер.
Министр бірнеше күн шыдай тұруды өтінді. Оның айтуынша, өткен айда Қарағанды облысында жүк вагондары аударылғаннан кейін жол жабылған. Сол кезде пойыз қатынасы бұзылған.
"Екі жақтан да біраз пойыз жиналып қалды. Логистика жағынан үлкен салмақ түсті. Сол апаттың салдары әлі байқалып тұр. Бірнеше күн шыдай тұру керек. 3-4 күн дейді. Енді техника ғой, нақты айту қиын", - деді Өскенбаев.
Айта кетері, 17 қарашада Қарағанды облысындағы Қарабас өткелінде жүк пойызының 14 вагоны рельстен шығып кетті. Төтенше жағдай болған учаскеде пойыздардың қозғалысы уақытша тоқтатылды.