Полиция Қазақстанда жасырынған болуы мүмкін делінген ресейлік қылмыскерге қатысты пікір білдірді

0
670

Маңғыстау облысы полиция департаментінің қызметкерлері барлық мекенді тексеріп шыққан.


Полиция Қазақстанда жасырынған болуы мүмкін делінген ресейлік қылмыскерге қатысты пікір білдірді

ERNUR.KZ. Маңғыстау облысының полицейлері Ресейдегі ең қауіпті қылмыскер Қазақстанда жасырынған болуы мүмкін деген мәліметке пікір білдірді, деп жазады Tengrinews.kz.

"Маңғыстау облысы полиция департаментінің қызметкерлері барлық мекенді тексерді, бұл мәлімет расталмады. Алайда Департамент басшылығы бұл ақпаратты бақылауға алды. Облыс тұрғындары мен қонақтарынан үрейге бой алдырмауын және тек ресми ақпаратқа сенуін сұраймыз", - делінген хабарламада.

Еске салайық, мұның алдында Ресейдегі ең қауіпті қылмыскердің Қазақстанда жасырынған болуы мүмкін екені айтылған болатын. "ВКонтакте" әлеуметтік желісінде Ресейдегі ең қауіпті қылмыскер, Валерий Андреев есімді маньякты ресейлік полицейлер біраз жылдан бері іздеп жүргені, ол Ақтаудағы психиатриялық емдеуде жатқаны туралы хабар пайда болған еді.

Валерий Андреев - қылмыскер, Ресейдегі ең қауіпті қылмыскерлердің ондығына кіреді. 1957 жылдың 10 сәуірінде Орынбор облысында туған. Біраз жыл Орск қаласында отбасымен тұрған.

Тергеу мәліметінше, маньяк Оңтүстік Оралда 2006-2012 жылдары тұрған. Осы уақыт аралығында 100-ге жуық әйелді зорлап, өлтірген. Полицейлердің көзіне түскеннен кейін алдын ала әйеліне хабарласып, қашып кеткен. Андреевтің іздеуде жүргеніне 8 жыл болған.

2013 жылдың қыркүйегінде полицейлер Андреевтің соңғы құрбаны - Ольга Журавлева есімді жас қыздың денесін анықтаған. Ол Жаңаталап аулының маңынан табылған.

Ресейдің ІІМ қылмыскерді ұстауға көмектескендерге бір миллион рубль көлемінде сыйақы төленетінін айтады. Сондай-ақ Орынбор облысының губернаторы жарты миллион рубль беруге дайын.