Премьер-Министр ветеринария мамандығына білім гранттарын көбейтуді тапсырды

0
504

Елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен отандық мал шаруашылығы және өсімдік шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуеті - ветеринариялық және фитосанитариялық қызметтердің сапалы жұмысына байланысты.


Премьер-Министр ветеринария мамандығына білім гранттарын көбейтуді тапсырды

ERNUR.KZ. Ауыл шаруашылығы саласына кадрларды даярлауды жетілдіру керек. Бұл туралы ҚР Үкімет басшысы Асқар Мамин мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысы атап өткендей, елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен отандық мал шаруашылығы және өсімдік шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуеті - ветеринариялық және фитосанитариялық қызметтердің сапалы жұмысына байланысты. Осыған орай Ауыл шаруашылығы министрлігінің алдында ветеринариялық және фитосанитариялық қызметті күшейту жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу міндеті тұр. Жалпы ұсынған шараларды қолдауға болады деп есептеймін», - деді ҚР Премьер-Министрі Үкімет отырысында.

Осы бағытта А. Мамин тексеру, бақылау және мониторинг жүргізу бойынша іс-шараларды ұйымдастыру жөніндегі жұмысты күшейтуді тапсырды.

«Бұл шараларды дер кезінде жүргізу - жағдайды бақылауға мүмкіндік береді және мал мен өсімдік шаруашылығының одан әрі дамуының негізін жасайды. Ауыл шаруашылығы және әділет министрліктері мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жергілікті атқарушы органдардың карантинді әрі шектеу іс-шараларын белгілеу және алып тастау жөніндегі шешімдерін әділет органдарында тіркеу рәсімін жеңілдетсін», - деді Премьер-Министр.

Үкімет басшысының пайымынша, Ауыл шаруашылығы министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, тиімді бақылауды ұйымдастыру үшін ветеринариялық және фитосанитариялық қадағалау ұлттық жүйесін дамыту қажет.

«Тиісті ақпараттық базаны жетілдіру және оны жаңарту процестерін автоматтандыру арқылы ауыл шаруашылығы жануарларын 100 пайыз сәйкестендіруді қамтамасыз ету керек. Ауыл шаруашылығы министрлігі Білім министрлігімен бірлесіп, салаға қажетті кадрларды даярлауды жетілдіру және түлектердің кейіннен ауылда жұмыс істеу шартымен ветеринариялық және фитосанитариялық қызмет мамандықтарына бөлінетін гранттарды көбейту мәселесін пысықтасын», - деді Асқар Мамин.