Президент Grammy сыйлығын жеңіп алған Иманбек Зейкеновті құттықтады

0
2 401

Иманбек – Grammy сыйлығына үміткер болған алғашқы қазақстандық.


Президент Grammy сыйлығын жеңіп алған Иманбек Зейкеновті құттықтады

Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли президент музыкант Иманбек Зейкеновтің Grammy музыкалық сыйлығын алғаны туралы жаңалықты зор қуанышпен қабылдағанын жазды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық Иманбек Зейкеновке аса беделді Grammy музыкалық сыйлығының табыс етілгені жайлы жаңалықты зор қуанышпен қабылдады. Өзінің таланты мен мақсат қоя білуінің арқасында диджей Imanbek әлемдік шоу-бизнестің басты сыйлықтарының бірін иеленді. Оның шығармашылығы қазақстандық жастардың да ең биік шыңдарды бағындыра алатынын дәлелдеді", - деп жазды Уәли Facebook парақшасында.


Еске сала кетейік, 2020 жылдың 5 қарашасында Roses атты әнге (SAINt JHN) ремикс жасап әлемге танылған қазақстандық диджей Иманбек Зейкенов Grammy сыйлығына ұсынылды. Номинанттардың тізімі әлемдік премияның ресми сайтында жарияланды.

Иманбек – Grammy сыйлығына үміткер болған алғашқы қазақстандық. Оның ремиксі YouTube желісінде 117 миллион рет қаралған, 20 аптадан аса уақыт бойы Billboard Hot 100 чартында үздік 10-дықта тұрды. Иманбек 2019 жылдың желтоқсан айына дейін теміржол станциясында жұмыс істеген. Алайда, оның Roses әніне жасаған ремиксі тағдырын мүлдем басқа арнаға бұрды.