Президент: Судьялар өздеріне жүктелген міндеттерді орындай алмай отыр

0
1 252

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында сот жүйесінің сапасын арттыру қажеттігін айтты.


Президент: Судьялар өздеріне жүктелген міндеттерді орындай алмай отыр

ERNUR.KZ. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында сот жүйесінің сапасын арттыру қажеттігін айтты, деп жазады Baq.kz.

«Сот жүйесіндегі мамандарды сапалы түрде жаңарту керек. Судья қызметіне мықты заңгерлер келуге тырысуы қажет. Алайда ондай үрдіс байқалмайды. Тәуелсіздік алғанымызға 27 жыл болды. Бірақ баяғы судьялар әлі отыр. Мен оларды жаман деп айта алмаймын. Бірақ өздеріне жүктелген мәселелерді шеше алмай жатыр», - деді Елбасы.

Оның айтуынша, халық әлі күнге дейін Президентке хат жазып, өз мәселелерін шешуді сұрайды екен. Жиында президент мәселелердің сотта шешілмей жатқанын атап өтті.

Осы орайда аталған мәселенің себебін ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Жақып Асанов түсіндірді.

«Бүгінде судья қызметіне құжат тапсырып жатқан заңгерлердің саны көбейіп келеді. Алайда заңгерлердің деңгейі төмен. Мәселен, екі конкурс өтті. Сонда 140 адамнан бес-ақ адам судья қызметіне ұсынылды», - деді ол.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев Жоғарғы сот кеңесінің де жұмысын сынға алды.

«Талғат, (ҚР Жоғары сот кеңесінің төрағасы Талғат Донақов), мен сені ол жерге не үшін қойдым. Жоғарғы сот кеңесі мықты мамандарды іріктеуі тиіс. Мен тағы айтамын, бір жердегі мәселе шешілмей жатса, басшыны ауыстыру шарт. Темірдей тәртіп болуы қажет. Ашығын айтайын, жаңадан қызметке тағайындалған адамдарды бірден ауыстырғым келмейді. Бірақ қажет болса, солай істеуге тура келеді», - деді президент.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы заң үстемдігі болмаса, қазіргі реформаларды іске асыру мүмкін емес екенін атап өтті. Оның пікірінше, бұл мәселеде заманауи технологияларды кеңінен қолдану қажет.

«Бізде жыл сайын 4 миллион адам сот дауларына қатысады. Оған қаншама күш-жігер мен ақша жұмсалады. Сондықтан артық процедураларды қысқарту қажет. Әйтпесе, оған уақыт та, ақша да көп кетеді. Мәселен, бұрын сотқа келуге міндеттеді. Қазір үйде отырып, ғаламтор арқылы сот отырысына қатысуға болады», - деп түйіндеді сөзін Назарбаев.