Президент тапсырмасы: Болашақ ұстаздардың стипендиясы өсті

0
670

1 қыркүйектен бастап болашақ педагогтердің шәкіртақысы 42 мың теңгеге жетті.


Президент тапсырмасы: Болашақ ұстаздардың стипендиясы өсті
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ұлттық бірыңғай тестілеуде жоғары балл жинаған түлектердің педагогикалық мамандықтарды таңдай бастағанын мәлім етті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

"Өткен жылы педагогика мамандығын таңдаған студенттердің стипендиясы 21 мың теңгені құраса, президенттің тапсырмасынан кейін желтоқсан айында 26 мың теңгеге дейін өскен еді. Ал 1 қыркүйектен бастап болашақ педагогтердің стипендиясы 42 мың теңге мөлшерінде болып отыр. Бұл барлық мамандықтың ішіндегі ең жоғарғы стипендия болады. Айта кетерлігі, студенттер кешеден бері осы стипендияны ала бастады", - деп жазды министр Facebook парақшасында.

Министрдің айтуынша, биыл педагогикалық мамандықтарға түсу үшін шекті балл бірден 70-ке дейін көтерілсе де, "Педагог мәртебесі туралы" заң қабылданғаннан кейін осы мамандыққа деген қызығушылық артты. Мәселен, биыл "Алтын белгі" төсбелгісі иегерлерінің арасында педагогикалық мамандықты таңдағандардың саны 1,7 есе өсті. Ал көптеген бағыт бойынша орташа балл 100-ден асты. Бұрын педагогикалық мамандыққа түсетіндердің орташа балы 65-ті құрайтын.

"Сондай-ақ, ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің қорытындысы бойынша берілген тапсырмалар аясында докторанттардың стипендиясы 102 мыңнан 150 мың теңгеге дейін өсті. Мұндай шара жас ғалымдарды қолдау үшін өте маңызды, өйткені докторанттардың отбасылары бар және олар өз зерттеулерін жүргізумен айналысады", - деп атап көрсетті Аймағамбетов.

Бұдан бөлек, 2020 жылдың қыркүйек айынан бастап мемлекеттік гранттың құны айтарлықтай өскен.


"Президенттің ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің қорытындысы бойынша берген тапсырмасының барлығы ерекше бақылауда және белгіленген мерзімде орындалатын болады", - деп түйіндеді сөзін Аймағамбетов.