Президент Үкімет пен әкімдердің жұмысын қатаң сынға алды

0
1 294

Баяндама бетінде жағдай бақылауда болғанымен, іс жүзінде олай емес - Тоқаев.


Президент Үкімет пен әкімдердің жұмысын қатаң сынға алды

Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінің таралу ахуалы жөніндегі Ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізді. Президент Үкімет пен әкімдердің жұмысын қатаң сынға алды, деп хабарлайды ERNUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап.

"Баяндама бетінде жағдай бақылауда болғанымен, іс жүзінде олай емес. Президент Әкімшілігіне еліміздің барлық дәріханаларындағы дәрі-дәрмектерді тексеру жөнінде тапсырма бердім. Нәтижесі көңіл көншітерлік емес. Батыс Қазақстан, Атырау, Жамбыл, Қарағанды облыстарында, Нұр-Сұлтан мен Алматыда дәрі тапшылығы, ұзын-сонар кезек әлі де бар. Аса қат дәрілердің бағасы қымбат екені анықталды. Көлеңкелі бизнестің көлемі артып бара жатыр", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Құқық қорғау органдары көтерме және бөлшек саудамен айналысатын дәріханаларда рейдтер мен тексерулер жүргізген. Тексеру қорытындысы бойынша заңсыз дәрі-дәрмек саудасымен айналысқан 270 адам қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылған, оның 116-сы медицина қызметкері. Мемлекет басшысы бұл бағыттағы жұмыстардың жалғаса беретінін, сондай-ақ, кінәлілер заңға сәйкес жазаланатынын атап өтті.

Президент Үкіметтің коронавирус пен өкпе қабынуының статистикасын біріздендіру туралы шешімі пандемияның таралу көлемін нақты көруге мүмкіндік беретінін айтты. Сонымен қатар статистика мен сараптамалардағы кемшіліктердің, жоспарлаудағы тиімсіздіктің кесірінен өңірлер өздеріне қажетті дәрі-дәрмектің көлемін нақтылай алмай отырғанын жеткізді. Барлық проблема жұмысты дұрыс жоспарламаудан басталатынын айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев, мұны кәсіби шеберліктің төмендігі деп бағалады.

Елімізде шектеу шаралары қабылданғанымен халық әлі де отбасылық мерекелер жасауды жалғастырып жатыр. Атап айтқанда, мұндай жағдай Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстары мен Шымкент қаласында байқалады. Президент әкімдер карантин режимін сақтауға бағытталған түсіндіру жұмыстарын әлсіз жүргізгенін сынға алды.