Прокуратура сәби өлімі фактілеріне байланысты ауқымды тексерулер жүргізілетінін мәлімдеді

0
1 354

Атырау облысының прокуратурасы биыл облыстық перинаталдық орталықта 133 сәби өлгенін мәлімдеген.


Прокуратура сәби өлімі фактілеріне байланысты ауқымды тексерулер жүргізілетінін мәлімдеді

ERNUR.KZ. Сәби өлімі фактілері бойынша дәрігерлердің кінәсі бар ма – осыған қатысты қызметтік тергеу жүргізілетінін Атырау облысының прокуратурасы мәлімдеді. Хабарланғандай, биыл облыстық перинаталдық орталықта 133 сәби өлген. Олардың 56 туған бойда шетінесе, 77 анасының құрсағында жатып ажал тапқан, деп жазады Qamshy.kz.

Дәрігерлер шұғыл брифинг шақырып, кейбір жәйттерге назар аударды. Мәселен, өлгендердің жалпы саны 133 емес, 56 сәби. Ал, қалған 77-і – 6 апта, немесе 20, 25 апта сияқты мерзімде шетінегендер.

Ал, медициналық статистикаға іліккен 56 нәрестенің туғандағы салмағы әртүрлі. Айта кететін жәйт, биыл салмағы бір жарым келіге жетпей туған сәбилердің саны артқан – бұл ең осал категория, олардың арасында, әсіресе, 1 келіге жетпей туғандардың арасында шетінеу көп болады.

Бұрындары салмағы 600-800 грамм (бұл –дене салмағы экстремалды төмен, ең осал категория) нәрестелерді дәрігерлер сақтап қала алмайтын еді. Биыл осындай сәбилерді аман сақтап, қатарға қосқан жағдайлар болды.

Сондай-ақ, қайтыс болған 56 нәресте респираторлық дистресс-синдромымен (өкпенің тыныстауға қабілетсіздігі), басқа да даму кемістіктерімен туған.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк Аймурзиева жарты жылдың қорытындысымен сәби өлімі тұрақтанғанын хабарлады. Ал, биылғы жылдың жеті айында өткен жылдың салыстырмалы кезеңіне қарағанда бұл көрсеткіш 1 процентке төмендеген. Материалдық-техникалық базаны жақсарту және кадрларды дайындау бойынша алынып жатқан шаралар алдағы уақытта оң нәтиже береді деп күтілуде.

"Биылғы жылы сәби өлімінің ішінде күні жетпей туылған балалардың үлес салмағы басым. Өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда олар екі есе көп туған",-деді М.Аймурзиева.

Оның айтуынша, бұл осындай нәрестелердің өміршеңдігі өте төмен екенін көрсетеді. Десек те, өткен жылы мезгілі жетпей, дене салмағы экстремалды төмен болып туған сәбилердің шетінеуі 100% болса, қазір осындай 4 нәрестені дәрігерлер аман алып қалды. Сондай-ақ, биыл дүниеге келген балалар өткен жылмен салыстырғанда аз болғандықтан, жанамалы түрде бұл да көрсеткішке әсер етеді – бала туу неғұрлым аз болса, көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда соғұрлым жоғары болады.