Рейс кешіккен жағдайда ұшақ билетінің құны қалай қайтарылады

0
670

Егер әуе компаниясының кінәсінен ұшақ уақытында ұшпаса, онда билет ақысы кешіккен уақыттың ұзақтығына қарай қайтарылады.


Рейс кешіккен жағдайда ұшақ билетінің құны қалай қайтарылады

ERNUR.KZ. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көлік және жер қойнауын пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екі оқылымда қаралды. Осы орайда, депутаттар ұшақ белгіленген уақытынан кешігіп шыққан кезде әуе компаниясының жолаушыларға айыппұл төлеу тәртібі туралы сұрады.

Министрдің айтуынша, заңнама аясында ұшақ кешіккен кезде жолаушыларға көрсетілетін қызмет түрлері ескерілгенін айтты. Бұл тұрғыда ана мен балаға арналған бөлме ұсыну, сусын мен ыстық тамақ беру, қонақ үйден орын беру талаптары қамтылған.

«Заңға қосымша өзгеріс енгізіліп отыр. Егер әуе компаниясының кінәсінен ұшақ уақытында ұшпаса, әр сағатына билет ақысының 3 пайызын қайтаруы керек. Ол үшін жолаушы әуе компаниясына арыз жазады. Ал, әуе компаниясы бұл талапты орындамаса, мәселе сот арқылы шешіледі», - деді Қайырбек Өскенбаев.

Сонымен қатар, ол ұшақтың әуежайдан кешігіп шығуы деректері бойынша мемлекет айыппұл салатынын айтты.