Ресей енді Байқоңырдан жылына кемінде 2 рет зымыран ұшырады

0
623

Құжат қабылданса, жобаға жергілікті және республикалық бюджеттен қосымша шығын қажет болмайды.


Ресей енді Байқоңырдан жылына кемінде 2 рет зымыран ұшырады

ERNUR.KZ. Бүгін Сенат отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру туралы заң жобасын таныстырды. Бұл жобаға Қазақстан тарапы 90 млрд теңге, ал Ресей тарапы 916 млн доллар жұмсауды жоспарлап отыр, деп жазады Azattyq Rýhy.

«Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құруды үйлестіретін және одан әрі пайдалануға жауап беретін оператор – «Бәйтерек» бірлескен кәсіпорны. Бұл – Ресей тарапымен бірлескен негізгі жоба. Көрші ел тасымалдағыш зымыранды құруды қамтамасыз етеді. Бұл 916 млн доллар сомасына тең. Ал Қазақстан тарабы қолданыстағы «Зенит-М» ғарыш зымыран кешенінің жер үсті кешенін жаңғыртуды қаржыландырады. Оның құны 90 млрд теңге. Заң жобасы күшіне енсе, мынадай нәтижеге қол жеткіземіз: «Бәйтерек» кәсіпорны кредиттік міндеттемелерден босатылады. «Бәйтерек» жобасын жалғастыруға мүмкіндік алады. Сөйтіп, қазақстандық кәсіпорынның үлесі 99 пайызға артады. Екіншіден, Ресей тарапынан кемінде жылына екі рет ұшырылым қамтамасыз етуге кепілдік беріледі. Бұл кешенге салынған мемлекеттік инвестицияны қайта өндіріп алуға мүмкіндік береді», − дейді министр.

Оның айтуынша, құжат қабылданса, жобаға жергілікті және республикалық бюджеттен қосымша шығын қажет болмайды.

Жаңа заң жобасын қарау кезінде Сенат депутаты Серікбай Тұрымов хаттамаға қатысты сауал жолдады:

«Ресей тарапы 2025 жылдан 2036 жылға дейін Союз 5 зымыран тасығышыменен жылына кемінде екі рет ұшырылымменен ғарыш аппараттарын арбитаға шығару бойынша тапсырыстарды қамтамасыз етеді. Осылайша Ресей тарапы жылына кемінде екі рет тапсырыс орындайды. Бірақ, хаттаманың осы бөлігінде ұшырылым көлемі көрсетілмеген», − дейді депутат.

Мусиннің айутынша, хаттамаға Ресей тарапына жылына кемінде екі рет ұшырылымды міндеттеме ретінде енгізген.

«Бұл біздің негізгі талап еді. Өйткені, экономикалық тұрғыдан ұшу кешені жылына кемінде 41 рет ұшырылым жүргізілсе, бізге тиімді болады. Сондықтан кемінде 20 ұшырылымды хаттамаға кепілдеме ретінде жаздық. Біздің ғарыштық саладағы стратегия бойынша «KazSat-3»-ті айырбастау және жер үстін бақылау спутниктерін айырбастау кезеңінде ұшырылым санын сол кезде тағы да анықтаймыз», − деп жауап берді.