Республикалық жолдарға видеокамерасы мен жылдамдық өлшегіші бар аркалар орнатылады

0
528

Инвестициялық конкурс аясында республика бойынша 11 мың шақырым жолға ақылы жүйе енгіземіз.


Республикалық жолдарға видеокамерасы мен жылдамдық өлшегіші бар аркалар орнатылады

ERNUR.KZ. Республикалық жолдардың әр 40-50 шақырымына видеокамерасы мен жылдамдық өлшегіші бар аркалар орнатылады. Бұл туралы «Қазавтожол» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Талғат Смағұлов мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.

«Біз инвестициялық конкурс аясында республика бойынша 11 мың шақырым жолға ақылы жүйе енгіземіз. Бұл ретте интеллектуалдық-көліктік жүйеге басымдық беріледі. Яғни жолдың бұл учаскелері камералармен, скоростемермен жабдықталады. Сонымен қатар алдағы уақытта ұзын жолдардағы жаяу жүргіншілер өтетін бөлікті жарықтандырамыз», - деді Талғат Смағұлов.

Оның айтуынша, Нұр-Сұлтан – Щучинск арасындағы жолға арка орнатылған. Ол жерде видеокамера бар.

«Біздің мәліметтеріміз бойынша дәл сол жерде жол ережесін бұзудың 8 мың фактісі тіркелген. Оның ішінде 39 жағдайда жүргізушілер жылдамдықты сағатына 200 шақырымнан асырған. Алдағы уақытта мен атаған 11 мың шақырым жолдың әр 40-50 шақырымында аркалар орнатылады. Дәл сол жерде видеокамералар мен жылдамдық өлшегіштер қойылады», - деді ол.