Риддерде көктайғақ салдарынан КамАЗ балалар ойын алаңына соғылды

0
490

"КамАЗ" көлігін 50 жастағы ер адам тізгіндеп келе жатқан.


Риддерде көктайғақ салдарынан КамАЗ балалар ойын алаңына соғылды

ERNUR.KZ. Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында көктайғақ салдарынан "КамАЗ" балалар ойын алаңына соғылды, деп жазады inbusiness.kz.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жол-көлік оқиғасы түскі уақытта Гэсовская көшесінде болған.

"КамАЗ" көлігін 50 жастағы ер адам тізгіндеп келе жатқан. Жолды және метеорологиялық жағдайды ескермеген жүргізушінің қауіпсіз жылдамдықты таңдамауы салдарынан ауыр жүк көлігі №16 үйдің жанындағы балалар ойын алаңына соғылды. Соққыдан көлікте тұрған жүк аударылып, қосалқы трансформаторлық стансаны зақымдады", - делінген ақпаратта.

Абырой болғанда, алаңда болған ата-аналар мен балаларға ешқандай зақым келген жоқ. Жүргізуші де жарақат алмаған.

"Ер адамға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 610-бабы 1-бөлігімен әкімшілік хаттама толтырылды. Бұл бап бойынша оған 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынып немесе алты айға дейінгі мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылу жазасы тағайындалуы мүмкін", - делінген хабарламада.