Самокатқа жолаушы мінгізетін қазақстандықтар қалай жазаланады

0
470

Лепеханың айтуынша, заң бұзғандарды анықтау әзірге өте қиын, себебі самокаттардың мемлекеттік нөмірі жоқ. Бірақ тәртіп сақшыларында жылдамдықты анықтайтын "Кибер-шериф" жылжымалы кешендері бар.


Самокатқа жолаушы мінгізетін қазақстандықтар қалай жазаланады

ERNUR.KZ. Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха электр самокатпен жүргенде шлем кимейтін және жолаушыларды тасымалдайтын азаматтарға қандай шара қолданылатынын түсіндірді, деп жазады Sputnik Қазақстан..

Оның айтуынша, электр самокатпен жолға шыққан адамның басында міндетті түрде шлем болуы керек. Ал түнде жүрсе үстінде жарық шағылыстыратын элемент болуға тиіс.
"Бұл талапты бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген. Оған ескерту жасалады немесе 3 АЕК (биыл – 10 350 теңге) айыппұл салынады", - деді Лепеха мәжіліс кулуарында.
Сондай-ақ ол электр самокатпен жолаушылар мен жүктерді тасуға үзілді-кесілді тыйым салынғанын атап өтті.
"Бұл үшін әкімшілік жаза қарастырылған. Жолаушылар мен жүктерді тасығаны үшін 5 АЕК (17 250 теңге) айыппұл бар. Яғни жолаушыларды тасымалдағаны үшін біз жауапкершілікке тартамыз", - деді ІІМ басшысының орынбасары.
Лепеханың айтуынша, заң бұзғандарды анықтау әзірге өте қиын, себебі самокаттардың мемлекеттік нөмірі жоқ. Бірақ тәртіп сақшыларында жылдамдықты анықтайтын "Кибер-шериф" жылжымалы кешендері бар.
"Қалаларда осы әдісті қолданамыз. Егер жылдамдықты арттырса, жауапқа тартамыз", - деді Лепеха.
Бүгін мәжіліс самокат мінетіндерге талапты күшейтетін заң қабылдады. Самокатпен жүретіндер шлем киюге тиіс және жүргізуші куәлігі болуы шарт.