Сарбаздар арасында суицид жиіледі: қорғаныс министрлігі мәлімдеме жасады

0
412

Ведомство суицид фактілері тек Қарулы күштерде ғана емес, басқа да әскер түрлерінде болып жатқанын атап өтті.


Сарбаздар арасында суицид жиіледі: қорғаныс министрлігі мәлімдеме жасады

ERNUR.KZ. Қорғаныс министрлігі сарбаздар арасында өз-өзіне қол жұмсау оқиғаларының жиілеп кетуіне байланысты ресми мәлімдеме жасады, деп жазады sputnik.kz.

Ведомство суицид фактілері тек Қарулы күштерде ғана емес, басқа да әскер түрлерінде болып жатқанын атап өтті.
"Бағыныстылардың өмірі мен денсаулығына ҰҚК Шекара қызметі, ІІМ Ұлттық ұланы, Мемлекеттік күзет қызметі және Төтенше жағдайлар министрлігі де жауапты. Бейбіт уақытта бұл күштік құрылымдар Қарулы күштердің құрамына кірмейді және Қорғаныс министрлігі олардың қауіпсіздігін бақыламайды", - деп түсіндірді министрлік.
Қарулы күштерде болған әрбір жағдайды әскери полиция мен басқа да қылмыстық қудалау органдары мұқият тексереді.
"Тексеріс нәтижелері көп жағдайда өз-өзіне қол салу әскери қызмет өткерумен байланысты емес екенін көрсетіп отыр. Әскерге шақырылғанға дейінгі кезеңде әскери қызметшілерді осындай әрекетке итермелейтін әр түрлі өмірлік жағдайлар кездесетінін ескеру керек", - дейді ведомство.
Қазіргі уақытта қорғаныс министрлігінің бастамасымен ғылым, құқық қорғау органдары және үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен әскери ортада суицидті барынша азайтуға және алдын алуға бағытталған "Өмірді сақта" кешенді бағдарламасы әзірленіп жатыр.
Еске салсақ, кеше, 21 тамызда Жамбыл облысында шекара қызметінің 18 жастағы сарбазы Бекбол Мираш қаза болғаны хабарланды. Бұған дейін әлеуметтік желіде Бекболдың өз-өзіне қол салғаны туралы ақпарат тараған.
Мұның алдында Жамбыл облысындағы 30212 әскери бөлімде мерзімді әскери қызметке шақырылған Әлібек Қалбай төрт күннен кейін қайтыс болған еді. 18 жастағы сарбаз Маңғыстаудан шақырылған болатын.
Ал күні кеше Атырау облысындағы мемлекеттік шекара учаскелерінің бірінде кезекшілік атқару кезінде мерзімді әскери қызметші Нұрбек Ерғалиев көз жұмды.