Семейде Ертіс өзенінде су деңгейінің көтерілуіне байланысты 11 адам эвакуацияланды

0
701

Әр сағат сайын мамандар учаскелерді аралап, су деңгейіне мониторинг жүргізіп жатыр.


Семейде Ертіс өзенінде су деңгейінің көтерілуіне байланысты 11 адам эвакуацияланды

ERNUR.KZ. Ертісте мұздың жиналуы салдарынан су деңгейі күрт көтерілді. Семейдегі Бейбітшілік аралынан 11 адам қауіпсіз жерге көшірілді, деп жазады sputnik.kz.

Қазіргі уақытта Ертіс өзенінің су деңгейі - 457 сантиметр.
"Бейбітшілік" аралы тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ТЖД қызметкерлері жергілікті атқарушы орган өкілдерімен бірлесіп, 21 қаңтарға қараған түні бөгет салу, өзен арнасына су бұру үшін жол төсемін ашу секілді инженерлік жұмыстар жүргізді", - деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Белгілі болғандай, ТЖД күшімен өзен арнасына 5850 текше метр су қайта жіберілді.
"Түнде Бебітшілік аралынан 11 адам (7 ересек, 3 бала) эвакуацияланды, олар Семей қонақ үйіне орналастырылды. Үй жануарлары қауіпсіз жерге жеткізілді. Эвакуацияланған адамдар жергілікті атқарушы орган тарапынан ыстық тамақпен қамтамасыз етілді", - делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта су деңгейі төмендеп, тұрғын үйлерді су басу қаупі жоқ. Әр сағат сайын мамандар учаскелерді аралап, су деңгейіне мониторинг жүргізіп жатыр. Су деңгейін өлшеу әр 2 сағат сайын жүргізіледі.