Семейде Ертістің үстімен өтетін қос көпір апатты жағдайда тұр

0
459

Көпірді жылда жеңіл-желпі жөндеу жасалғанымен жұрттың оған көңілі толмай тұр.


Семейде Ертістің үстімен өтетін қос көпір апатты жағдайда тұр

ERNUR.KZ. Семейдегі Ертіс өзенінің үстімен өтетін екі көпірдің де жағдайы мәз емес. Осыдан жарты ғасыр бұрын салынған ескі көпір апатты жағдайда тұр, деп хабарлайды Хабар24.

Ал 20 жыл бұрын іске қосылған аспалы көпірдің де сыйқы кеткен. Былтыр тіпті жақтаулары үгітіліп, бір көлік өзенге құлады. Сол кезде бір адам мерт болған еді.
Жаяу жүргіншілер көпірдің жақтауларына сүйенуге қорқады. Өйткені цемент қоспалары үгітіліп, қорқынышты халге түскен. Жылда жеңіл-желпі жөндеу жасалғанымен жұрттың оған көңілі толмай тұр.

"Түгел шұңқыр-шұңқыр. Одан машина қалай өтеді, білмеймін. Ана жақтан 2 жолақ келген кезде апатты жағдай тудырады", - дейді қала тұрғындары.

Жергілікті әкімдіктің ескі көпірді жөндейтін жоспары бар. Ол үшін былтыр жобалық сметалық құжат жасалып, қазір сараптамадан өтіп жатыр. Шілде айының 1-інен кейін қаражат мәселесі шешілсе, құрылыс биыл немесе келесі жылы басталып 3 жылда аяқталмақ. Жоба Семей қаласының 2025-жылға дейінгі кешенді даму жоспарына енген.

"Ескі көпірдің қасынан жаңа көпір салынады, 4 жолақты. 2 жолағы бір жағына, екінші жолағы 2-ші жағына қарай жүруге арналған. Және де ескі көпірдің өзі жаяу жүргіншілер көпіріне айналады. Оның үстінен велиспедшілерге арналған жол салынады. Сондай ақ сол жағалаудан оң жағалауға жылу жүйесін тартамыз. Қазіргі құны 31 миллиард теңге көлемінде болып отыр. Ол бірақ экспертизадан кейін азаюы да мүмкін немесе осы қалпында қалуы да мүмкін", - деді қала әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Қала әкімінің айтуынша, осыдан 20 жыл бұрын пайдалануға берілген аспалы көпірді қазір жапондық мамандар арнайы тексеруден өткізіп жатыр екен. Сол жұмыстың қорытындысы бойынша ол нысанда да жөндеу жұмыстары қолға алынады.