Семейде әйел адам өз үйін өртемек болды

0
95

Семейдегі өрт сөндірушілер мен құтқарушылар жасағының жедел қимылына орай қайғылы жағдай орын алмады.


Семейде әйел адам өз үйін өртемек болды

ERNUR.KZ. Жуырда «101» қызметінің пультіне әйел адам қоңырау шалып, көп дәрі тұтынғанын, сонымен қоса үйін өртеуге ниеттеніп отырғанын айтады. Оның жанында кішкентай ұлы бар екен, деп жазады egemen.kz.

Диспетчер әйелдің мекенжайын сұраған кезде жауап беруден бас тартады. Кенет біраз уақыттан кейін «112» номеріне баласы телефон шалып, «үйде қағаздар жанып жатыр, анам көп дәрі ішіп қойғандықтан өзіне-өзі келе алмады» деп хабарлайды. Диспетчерлер баладан аты-жөнін, анасының есімін, мекенжайы­н толық алып, оқиға орнына жеткен кезде, кілем де тұтанып үлгерген екен.

– Семейдегі №2 жасағының СПЧ-2 құтқарушылары келіп жеткен соң, азаматтық қорғаныс аға лейтенанты А.Мыңжанов барлау жүргізіп көрсе, екінші қабаттағы №6 пәтерден түтін шығып жатыр екен. Есікті қаққанмен еш­кім ашпады. Баланың да даусы естілмеді. Бұдан соң А.Мыңжанов аға өрт сөндіруші Б.Қалитовке және көлік жүргізушісі М.Баяхметовке үш деңгейлі сатыны үйдің сырт жағынан қойып, терезе ойығынан кіруге тырысуды тапсырды. Қалған құтқарушылар есікті ашу үшін құрал-жабдықтармен құлпын қозғап жатты. Түтін басып кеткен бөлмеге кірген кезде өрт сөндірушілер жерде жанып жатқан заттарды және 0,5 шаршы метрдегі паласты көрген. Бөлмеде 1976 жылы туған азаматша мен 2013 жылы туған бала болған. Әйел адам диванда жатып, баланы жібермей ұстап қалыпты, – дейді Семей қалалық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы Айгүл Мир­саитова.

Құтқарушылар әйел адамды таза ауаға алып шығып, жедел жәр­дем келгенше алғашқы көмек көрсетті. Өрт сөндірілді. Жедел жәрдем әйелді Семейдегі бүйрек ауру­лары орталығының токсикология бөліміне жеткізді, деді Айгүл Мирсаитова. Баланы қараған дәрігерлер оның аман-есен екендігін айтады. Семейдегі өрт сөндірушілер мен құтқарушылар жасағының жедел қимылына орай қайғылы жағдай орын алмады.


Айтар жаңалығыңыз, бөлісер оқиғаңыз болса, +77752327733 whatsapp нөміріне жіберіңіз

Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет