Семейде мектеп ауласында оқушыны дәу ит талады (видео)

0
786

Сабаққа асығып келе жатқан оқушы қыздардың біріне бұрыштан шыққан ит тарпа бас салған.


Семейде мектеп ауласында оқушыны дәу ит талады (видео)

Оқиға Семей қаласындағы нөмірі 44-ші мектепте болған, деп хабарлайды ERNUR.KZ Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Көшеде емес, тапа-тал түсте мектеп ауласында болған жағдай бұл. Сабаққа асығып келе жатқан оқушы қыздардың біріне бұрыштан шыққан ит тарпа бас салған. Таланып қалған жеткіншекті аулада жүрген өзге оқушылар құтқарып алды. Арпылдаған алабайдан қорқып қалған бүлдіршін қазір үйде. Үрейден мектепке барғысы жоқ.

"Мені басында тістеді. Сосын мен жүгіріп коридорға кіріп кеттім. Сосын артымнан апайым кірді. Сосын мен шошып жылап тұрғам. Түгелі қарап тұрды. Содан кейін мұғалімім жүгіріп келді. Содан кейін медсестраға апарды. Сол зеленканы жағып берді. Болды", - дейді оқушы.

Қыздың анасының сөзінше, бүлдіршіннің жанында егізі де болған. Ол "баланы ит талап жатқанда мектеп күзеті қайда қарады" деп налиды.

"Папасымен бірге бардық. Камераны көрейік дедік. Камераны көргеннен кейін мен өзім де шок болдым анда. Анау күшік емес, алабай ит. Баланың үстіне мініп, сонда ешқандай..., завучы қайда, охранасы қайда? Кезек-кезек мұғалім қойсын онда. Охраник егер қарамайтын болса ол жерге", - дейді қыздың анасы Аягүл Құндақова.

Белгілі болғандай, аулада жүрген төрт аяқты қаңғыбас ит емес. Оқушылардың бірімен ілесіп келіпті. Мектеп маңында жарты сағаттай жүрген көрінеді. Ал күзетші іште болыпты.

"Күзетші камерадан көріп, сыртқа шықты ғой. Оның қуалап жүрген видеосы, бәрі бар. Ата-аналардан сұрайтынымыз, әркім өз итіне ие болса, балаларына қосып жібермесе. Себебі осындай жағдайлар болып жатыр. Оған дейін айттық қой, бос жүрген иттерді біз неғұрлым тазалағанбыз ауладан. Мынау енді иесі бар ит болып тұр көрдіңіздер ғой", - №44 жалпы білім беретін мектеп директорының міндетін атқарушы Оразбай Жұмағалиев.

Қазір жануардың иесіне 8751 теңге айыппұл салыныпты. Ал алғашқы медициналық көмек қана көрсетілген қыз бала енді бес күн бойы ем алмақ.