Семейде мұғалімдерге көше сыпыртқан шенеуніктер жазаланды

0
347

Оқиға 16 қазанда болған.


Семейде мұғалімдерге көше сыпыртқан шенеуніктер жазаланды

ERNUR.KZ. Мұғалімдерге көше тазалатқан семейлік шенеуніктер жауапқа тартылды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Атап айтқанда, қала әкімінің орынбасары Д.Гариков әкімшілік жауапкершілікке тартылса, қалалық білім бөлімінің басшысы Н.Фесенко сөгіс алды. Сондай-ақ, №43 орта мектеп директорының міндетін атқарушы А.Искрина да әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Естеріңізге сала кетейік, әлеуметтік желілерде 16 қазанда Семей қаласының №43 мектебінде оқу процесіне кедергі келтіріп, мұғалімдерді сенбілікке көше сыпыруға жібергені туралы жарияланымдар тараған болатын.

Педагогтерді қызметінен тыс жұмыстарға тарту, оның үстіне оқу процесіне кедергі келтіру «Педагог мәртебесі туралы» Заң талаптарына қайшы келеді.

ҚР БҒМ Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің, сондай-ақ ШҚО Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің қызметкерлері әкімшілік істі қарады.

Тексеру барысында сенбілікке №43 мектебінің педагогтерінен басқа №9 мектебінің де мұғалімдері де жіберілгені анықталды.

Әкімшілік істі қарау барысында педагогтер қаланы абаттандыру жұмыстарына Семей қаласы әкімінің орынбасары Д.А.Гариковтың хаты негізінде шыққаны анықталды. Хатта педагогтердің сенбілікке таңғы сағат 09.00-де шығуын қамтамасыз ету тапсырылған. Сондай-ақ, хаттың әкім орынбасарының қолы қойылған қосымшасына сәйкес әр мектепке аумақты тазарту жұмыстарын жүргізу үшін белгілі бір учаске берілген. Тапсырманың орындалуын бақылау әкімдіктегі бөлімшелердің біріне жүктелген.