Шәкен Аймановтың 105, «Қазақфильмнің» 85 жылдығына музей ашылды

0
106

Музей лентасын Асанәлі Әшімов кесті.


Шәкен Аймановтың 105, «Қазақфильмнің» 85 жылдығына музей ашылды

ERNUR.KZ. Қазақ киносының мерекесі Алматыда әлі де жалғасуда. Қазақфильм киностудиясының аумағындағы музейдің ашылуына жиналғандар алдымен қазақ режиссеры Шәкен Айманов туралы дерект фильм тамашалады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Онда КСРО халық әртісінің қолынан шыққан туындылар мен өнер жолы баяндалды. Салтанатты шарада сөз алған Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев соңғы жылдары қазақ киносының әлемдік деңгейде дамып жатқандығын тілге тиек етті.

«Бүгін кезіндегі Қазақфильм шығармаларын көрсеткен ұлы фильмдеріміздің аяғын басып келе жатқан жастар да бар, жаңа фильмдер де шығып жатыр. Сол ұзағынан болсын. Қайтадан кино өнері дамып жатыр. Мемлекет тарапынан, әкімшілік тарапынан көмектер көрсетілуде. Кеше ғана «Алматы фильм фестиваль» халықаралық кинофестивалі екінші рет өтті. Ол да болса, біздің кино өнерінің әлемдегі өз орнын таба білгендігі», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Киномайталмандарымен қатар қарапайым көрермен көптен күткен музейдің қызыл лентасын Асанәлі Әшімов кесті.

КСРО халық әртісінің айтуынша, бұл бастама мұнымен тоқтап қалмаса игі. Себебі, сол кезеңде қазақ киносының дамуына үлес қосқандар жетерлік.

«Бұл да – бір жақсылық. Шәкеңді еске алып, елдің бәрі, қуанып, бір-бірін құттықтап жатыр. Сондықтан киноның өткен тарихы Шәкен, Сұлтан, Мәжит сияқты тұлғалармен бағаланады. Бұл тұлғалардың әрқайсысына музей керек», – деді КСРО Халық әртісі Асанәлі Әшімов.

Музей үш залға бөлінген. Алғашқысында «Қыз жібек», «Қазақ хандығы», «Томирис» сынды тарихтан сыр шертетін фильмдерде пайдаланылған костюмдері бар. Одан өзге кеңестік кезеңдегі қазақ ертегілерінің кейіпкерлерін осы залдан көруге болады.

Екінші залда Шәкен Айманов тұсындағы пайдаланылған техникаларды тамашалауға болса, соңғы бөлмеде талант иесінің жеке заттары қойылған. Айтулы шараға келген өнер иелері аталған музейдің ашылуы кино тарихына тіл бітірді дейді.

«Әлемдегі де, Қазақстандағы да ең танымал өнер – кино. Сондықтан да кино жұлдыздарына мұражай ашу – заңдылық. Өйткені оның көрермені бар», – деді жазушы, кинодраматург Смағұл Елубай.

«Қазақ киносының сонау өткен ғасырдың 40 жылдардан келе жатқан тарихы бар. Сондықтан ондай тарихы бар үлкен ұжымға үлкен музей керек-ақ еді. Сол музейдің ашылғаны құтты болсын дегім келеді», – деді режиссер Рүстем Әбдіраш.

Музейдің ашылуы Шәкен Аймановтың туғанына 105 және «Қазақфильм» киностудиясының құрылғанына 85 жыл толуымен тұспа тұс келді. Шара соңында жиналғандар ұлы режиссердің ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.


Айтар жаңалығыңыз, бөлісер оқиғаңыз болса, +77752327733 whatsapp нөміріне жіберіңіз

Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет