​Шаруалар ауыл шаруашылығы министрінің отставкаға кетуін талап етті

0
479

Елдің әр өңірінен жиналған 30-ға жуық шаруа қолда бар малды аман алып қалуға шенеуніктер көмектеспей отыр деп налыды.


​Шаруалар ауыл шаруашылығы министрінің отставкаға кетуін талап етті

Қуаңшылықтан тарыққан шаруалар ауыл шаруашылығы министрінің отставкаға кетуін талап етіп министрліктің ғимаратында шу шығарды, деп хабарлайды ERNUR.KZ КТК арнасына сілтеме жасап.

Елдің әр өңірінен жиналған 30-ға жуық шаруа қолда бар малды аман алып қалуға шенеуніктер көмектеспей отыр деп налыды.

"Қазіргі таңда Маңғыстау халқының сіздің жұмысыңызға ашуланып отыр. «Мал ашуы – жан ашуы». Қанағаттанып отырған жоқ. Сондықтан, сіз, Ереке, жұмысыңызды ширатып, Маңғыстауға көмектесіп, қыстан қалған малды аман алып шығуға бір күшті жұмыс жасамасаңыз болмайды. Егер олай жасай алмайтын болсаңыз, желтоқсанның 15-нде айтқандай, қызметіңізден бас тартсаңыз", - дейді шаруа Әділбек Сағындық (Маңғыстау облысы).

Биыл Маңғыстау және Қызылорда облыстарында қатты қуаңшылық болып мыңдаған бас мал арам қатты. Төрт түлігін аман сақтап қалу үшін шаруалар жануарларға картон қағазын беруге мәжбүр болды. Жазда құрғақшылықтан мыңдаған бас малынан айырылғандар осы кезде статистиканың дұрыс жүргізілмегеніне наразы.

Ауыл шаруашылығы министрлігі 1500-нан аса ірі қара мен жылқы қырылды десе, шаруалар шығынның одан көп екеніне сенімді. Олар есеп-қисапты қайта дұрыстау керек дейді. Сондай-ақ фермерлер төрт түліктің азығын арзандатуды сұрады. Бір таңғаларлығы, бір-бір қожалықты ұстап отырғандар мемлекет тарапынан субсидияның бөлінетінінен бейхабар.

Үкімет қолдауын қолжетімді етіп қағазбастылықты азайтса деген, шаруалардың тілегі бар. Сондай-ақ олар ветеринарлық, жеке шаруа қожалығына қатысты заңнамаларды талқылауға шаруаларды араластыру қажеттігін алға тартқан.

"Қаңтардың басында комиссияны жібереміз, депутаттармен. Сосын ұсынысты қаржы министрлігіне жібереміз. Алынбай қалған ақшаны ала алатындай. Комиссия шығардың алдында зуммен кездесіп шешіп аламыз, қандай мәселелер қарайтынымызды. Комиссия жол жаққа барып істейді", - дейді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев.