Шаруалар субсидия шараларын түбегейлі және жылдам өзгертуге қарсы - Ұлттық палата

0
461

Қатысушылар осымен сегізінші рет жұмыс тобында жиналды.


Шаруалар субсидия шараларын  түбегейлі және жылдам өзгертуге қарсы - Ұлттық палата

Фермерлер, жергілікті атқарушы органдар және Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері жұмыс тобында субсидия мәселесін онлайн талқылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Шаруалар субсидия беру шараларын түбегейлі өзгертуге қарсы және биыл кеш екенін мәлімдеді. Саланы білетін өкілдер ақылдасып, әр саланың ерекшелігін ескере отырып, субсидиялау механизмін жақсарту керегін ұсынды.

Қатысушылар осымен сегізінші рет жұмыс тобында жиналды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі бұған дейінгі жұмыс тобында айтылған ұсыныстарды ескере отырып, әр сала бойынша субсидия бөлу мөлшері мен тәртібін баяндады. Содан кейін әкімдік және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ғимаратынан қатысып отырған фермерлер тағы ұсыныстарын жеткізді.

Ұлттық палатаның АӨК департаментінің директоры Ербол Есенеев кәсіпкерлердің сауалдары барын атап өтті.

«Барлық өңірді тыңдадық. Әр саланың ерекшелігі бар. Ұлттық палатаға арнайы келіп, талқылауға қатысып отырған қоғамдық бірлестік басшыларының ұсынысы мен сұрақтары бар», – деді Ербол Есенеев.

«Қазақстан картоп және көкөніс өсірушілер одағының» басқарма төрағасы Қайрат Бисетаев.

«Жұмыс тобы көп жинала берген сайын тағы да ұсыныстар көбейе береді деп ойлаймын. Қарашаның ортасына келдік. Оның үстіне 2023 жылдан бастап жаңа электрон платформа арқылы жұмыс істейін деп отырмыз. Бұдан бөлек қаржы жергілікті атқарушы органдар арқылы беріледі. Осы шарттардың бәріне әлемдегі, оның ішінде біздің экономикамыздағы тұрақсыздық қосылады. Бұған дайын емеспіз. Бәрі қазір субсидиялаудың қолда бар шараларын өзгертпеу керек деп отыр. Бір-екі өзгеріс енгізілсе, субсидия шаруаларға жеткенше көп уақыт алады. Сондықтан мен барлық жаңашылдықты алдағы жылдарға қалдыруды ұсынамын. Кейін асықпай талқылап, енгізе жатырмыз. Ал былай үздіксіз жиналып, ұсыныстың үстіне ұсыныс жинай бергеннен түк шықпайды», – деді Қайрат Бисетаев.

Сонымен қатар, фермерлер жаңа механизмде жергілікті атқарушы органдар нормативтерді қалай бекітетінін нақты жазу керегін айтты. Ауыспалы өтінім мәселесін де атап өтті. Олардың айтуынша, кейінгі кезде тыңайтқыш, пестицид бағасы екі есе өсіп кетті. Сондықтан ауыспалы өтінім болмаса, шаруалар тыңайтқыштарды толық алуы керек болады. Ал шаруалардың оған шамасы жетпейді.

«Техниканың бағасы, құрылыс-монтаж жұмыстары, басқа да қойма, жылыжай – бәрін салғандағы шығындарды есептеп, бүгінгі күнмен сәйкестендіру керек. Себебі қазір баға көтеріліп кетті. Қорыта келе, ұлттық жоба аясында, 2025 жылға дейін осы механизмге тиіспей, қазіргі күнгідей жұмыс істей беру керек деп санаймыз. 2025 жылдан кейін көре жатырмыз», – деді Қазақстан фермерлер одағының атқарушы директоры Ақпар Мәуленов.

Сондай-ақ, ақмолалық шаруалар субсидияға өтінім беретін gosagro.kz ақпарат жүйесінде қалай өтінім берілетінін білмейтінін атап өтті. Жергілікті жерлерде шаруаларға түсіндіру жұмыстары жүргізілмеген.

Жалпы Ұлттық палата шаруалардың уәжін қолдайды және қолданыстағы субсидияларға ішінара өзгеріс енгізіп, сол қалпы қалдыруды ұсынады.