Шаруаларға жанармай ғаламтор арқылы беріледі

0
1 739

Енді Қазақстан аграрилері шаруаларын сандық технологиямен жетілдіреді.


Шаруаларға жанармай ғаламтор арқылы беріледі

ERNUR.KZ. Мұндай мүмкіндікті Ауыл шаруашылығы министрлігі беріп отыр. Енді Қазақстан аграрилері шаруаларын сандық технологиямен жетілдіреді. Осы мақсатта отандық агроқұрылымдар Семейде бас қосты, деп жазды altaynews.kz.

Агроөнеркәсіптік кешенге цифрлық технологияларды енгізу, сондай-ақ техникалық инпекцияны оңтайландыруға бағытталған семинар-кеңеске, елдің түкпір өңірінен фермелер жиналды. Ауыл шаруашылығы – экономиканың қозғаушы күші. Ал оған серпін беріп, ағзаға қан тарататын әлбетте шаруалар. Азық-түлік қауіпсіздігіде бірінші кезекте осы секторға байланысты. Жасыратыны жоқ, көктемгі дала жұмыстары мен күзгі жиын-терінде, диқандар біраз кедергіге тап болады. Бұл әуелі жанар-жағармайға қатысты. Мәселен дизель отынын алу үшін, шаруалар алыстан ат арытып операторға баруға мәжбүр. Екіншіден ақшасын төлеп, жанар-жағармайды күтуіне тура келеді. Осылайша бағалы уақытын әкімшілік кедергілерге жұмсап әлек болады. Бұдан былай, осы қиындықтар артта қалмақ. Себебі, қажетті отынды электронды түрде бөлу қарастырылып отыр.

"Qoldau.kz мемлекеттік сайты жұмыс істейді. Соның ішінде жеке кабинетке тіркеліп, дизельге өтініш беруге болады. Сол жерде ақшасын төлеп, қажетті көлемдегі отынға қол жеткізу қарастырылған. Артықшылығы өтініш берушіге жанар-жағармай материалы тікелей жеткізіледі," – дейді Қызылорда облысы ауыл шараушылығы басқармасының жетекші маманы Нұрбол Жұмабеков.

Семинарда қаралған тағы бір өзекті мәселе техникалық инспекцияға бағытталды. Бұл салада көрсетілетін қызметтердің сапасы сын көтермейді екен. Мысалы әп-сәтте шешілетін сұрақты, он күнге дейін созбалақтап арты сиыр құйымшақталып кететін көрінеді. Тізбектей берсек, осыған байланысты бюрократиялық қиындықтар жетерлік. Әйтсе бұдан шығатын жол жоқ емес. Қуантарлығы, тың ұсынысты ШҚО ауыл шаруашылығы басқармасы әзірлепті.

"Биылғы жылы біздің облыста тұңғыш рет қанатқақты жоба қолға алынды. Жаңғыртылған жүйе техниканы есепке алуға арналған. Бүгін еліміздің әр аймағынан келген әріптестерімізбен соны талқылаймыз. Оның мүмкіндіктері көпшілікке таныстырылады. Жаңа жүйенің артықшылықтары көп. Сондықтан оған әріптестеріміз қызығушылық танытса таң қалмаймыз. Жасырмаймыз, басқа салалардағыдай ауыл шаруашылығында цифрландыру баяу жүріп жатыр. Неге десеңіз, ақпараттың көлемі өте үлкен. Оның денін цифрландыру оңай шаруа емес. Қазір ауыл шаруашылығы жерлерін цифрландыру аяқталуға жақын. Соның ішінде егістік алқаптары және жайылымдық жерлер бар. Ойлаймын, бұл жұмыстар біткен соң сапалы қызмет көрсетуге жол ашылады," – деген пікірін айтты облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Владимир Гайламазян.