Шешіндіріп ұрады: Жазасын өтеушілердің туыстары шағымданды

0
2 869

Олар Президент әкімшілігінен көмек сұрап отыр.


Шешіндіріп ұрады: Жазасын өтеушілердің туыстары шағымданды

иллюстрациялық фото

Түрмедегі балаларымыз бен жақындарымыз азапталып жатыр. Шымкентте бір топ жазасын өтеушілердің туыстары осылай деп шағымданды, деп хабарлайды ERNUR.KZ Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Олар Қылмыстық атқару жүйесіне қарасты 167/3 түзеу мекемесінің қызметкерлері осындағы жазасын өтеушілерді ұрып-соғып, сан түрлі әдістермен қинап жатқанын айтады. Ішкі тәртіпке мойынсұнбадың деген желеумен, тәулік бойы суық бөлмеге заңсыз қамап, тіпті, жарығы жоқ казармада ұстаған көрінеді. Қала берді, тағамның да мәнісі кеткен дейді сотталушылардың ет-жақындары.

Бұл жайында Қылмыстық атқару жүйесі комитетіне, Бас прокуратураға бірнеше мәрте шағым жазыпты. Бірақ, оңды жауап жоқ дейді, есесіне, шындықты айтып, шырылдағандарды азаптап жатыр екен.

Бауыр еті баласының түрмеде азап шегіп жатқанын естіген Зулқия Қалменова жанына келінін ертіп, жаны жәй таппастан 167/3 түзеу мекемесінің алдына келді. Үлкен қақпаның арғы жағында экономикалық қылмыс жасады деген айыппен баласы жазасын өтеп жатыр екен. Бір жыл болыпты Оралдан осында ауыстырылғанына. Содан бері, азаптан көз ашпай келеді дейді ол.

Азаптауды тоқтатсын деген жазуды қолдарына ұстаған ата-аналар түрменің алдын торуылдап жүрді. Бәрінің айтары бір, талаптары ортақ. Заңға сәйкес, темір торға қамалды, ендеше, жазасын өтесін, тек, оларды қинамасын дейді. Айтуларынша, түрме әкімшілігі сан түрлі азаптау әдістерін меңгеріп алған.

"Балам айтты, біреуі камераға түсіріп тұрыпты. Біреуі сыртқы күртесін шешіп алып, мына жерінде жазуы болады ғой, аты-жөні. Сол курткасын шешіп алып, екіншісі соның астына лезвия тығып жатыр дейді. Табанынан ұрады екен, құйрығынан ұрады екен. Дубинкамен ұрады екен шешіндіріп тастап" - дейді жазасын өтеушінің әкесі Қалмұрат Ишанқұлов.
"Жуырда ғана жолдасым хабарласты. Айтуынша, 2020 жылдың 29 желтоқсанында заңсыз, жалғыз өзін қамап қойған. Түрменің жылуы жоқ, суық бөлмесінде үш тәулік аш-жалаңаш ұстаған. Үстіне, жамылғы бермеген. Тек, 5-ші тәулік дегенде ғана, оның өзінде де түзеу мекемесі басшылығына талап-арызы жоқ екенін жазбаша түрде тапсырған соң, жамылғы берген. Міне, содан кейін, жолдасым ауруханаға түсті" - дейді жазасын өтеушінің жұбайы Лунара Жақсылыққызы.
Сотталғандардың түрмедегі былықтан әбден шаршағандықтан, туыстарына аудио хабарлама жіберген. Онда әрбір жазасын өтеушінің аты-жөні және кімнен қалай таяқ жегендерін ашық мәлімдеген.

Осы сынды жазбаларды естіп білген сотталушылардың туыстары енді бауырларын басқа өңірге ауыстыруын талап етіп отыр. Бірнеше рет Бас прокуратураға жазғандарын айтады. Бірақ, оңды шешімге қол жеткізе алмаған. Есесіне, тексеру қорытындысынан кейін түрме әкімшілігінен оңбай таяқ жейміз деп жазасын өтеушінің бірі. Осыған алаңдаған ата-ана ұлымды әкетпей кетпеймін деп отыр.

"Енді қазір не дейді. Сендер қазір жалоба жазсаң, мамаңа үйге звондағанда жалоба айтсаң, еще хуже қыламыз. Сен ДИЗО-дан шығасың, еще жылына жыл қосып береміз екі жыл деп. Енді менің балам осы жерде, не істеймін мен. Оралда 2 жыл СИЗО-да отырғанда мұндай жағдай болмаған еді" - дейді жазасын өтеушінің анасы.
Түрме әкімшілігі болса, жабық мекемеде ондай заңсыз әрекеттер жоқ деп шаң шуытпады. Құзырлы органдардан келген өкілдер кемшіліктерді таба алмай кетіпті.

"Сіздің өткенде арыздарыңыз қазір құзырлы органдар прокуратурада қаралып жатыр. Сотталғандарды азаптау және басқа да заңсыз іс әрекеттер болып жатқан жоқ" - дейді ИЧ 167/3 түзету мекемесі басшысының орынбасары Нұрлыбек Сандыбаев.

Дегенмен, сотталушылардың туыстары қарап қалмақ емес. Енді олар Президент әкімшілігінен көмек сұрап отыр. Бұл жолы хатқа аудиожазбаны тіркеп, шағымдарды дәлелімен жолдауды жөн көрді. Бірақ, сонда да осы жариялылық үшін жазасын өтеушілер заңсыз жауапқа тартылмас па екен деген күдігі де жоқ емес.