2018 жылдың қорытындысы бойынша шетелдік туристерден еліміз қазынасына 2,2 млрд АҚШ доллар табыс әкелген.
ERNUR.KZ. Ахмет Байтұрсынұлы импорт, экспорт, төлем балансы туралы 1913 жылы айтқан ойы батыстың өркениетті елдерінде тек 1930-40 жылдары қолданысқа енгізілген. Бұл туралы Экономикалық саясат институтының директоры, заң ғылымдарының кандидаты, экономика ғылымдарының докторы Қайырбек Арыстанбеков мәлімдеді, деп хабарлайды Елорда Инфо.
«Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы ел экономикасындағы төлем балансы туралы осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын айтып кеткен. Яғни 1913 жылдың 15 тамызында жарық көрген «Қазақ» газетінде ол былай деген: «Бізден сыртқа көбіне шикізат өнімдері шығып жатыр. Ал сол өнімдер өңделіп, бізге сырттан 5-6 есе қымбат бағаға қайтып келуде. Бұл – надандық белгісі». Ал оның экспорт пен импорттың тиімділігі туралы айтқан ойы дамыған елдерде тек 1930-40 жылдары қолға алынған», – дейді Қайырбек Арыстанбеков туризм және кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі БАҚ өкілдеріне арналған семинар-тренингте.
Оның мәліметінше, 2018 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандық туристер сыртқа 2,6 млрд АҚШ долларын жұмсаса, шетелдік туристерден елімізге 2,2 млрд АҚШ доллары кері қайтқан.
«Еліміздің туризмін дамыту үшін шетелдіктерге алдымен салт-дәстүрлерімізді дәріптеуіміз керек. Мысалы, оларға зәулім ғимараттар, шипажайлар қызықты емес. Естуімше, шетелдіктер біздің тойларымызды тамашалауға қызығушылық танытады екен. Сондықтан шетелдік меймандарды 5 жұлдызды қонақ үйлердің мейрамханаларында өтетін үйлену, сүндет тойы сияқты дәстүрлеріміз барынша дәріптелетін тойларға жиі апару жағын ұйымдастыру қажет. Осындай бағдарламалар әзірлену керек», – деді Экономикалық саясат институтының директоры.