Шығыс Қазақстан облысында ең үлкен бауырсақ пісірілді

0
2 918

Бауырсақтың салмағы 3 кг 906 грамм болса, диаметрі 30 сантиметрді көрсетті.


Шығыс Қазақстан облысында ең үлкен бауырсақ пісірілді

ERNUR.KZ. Наурыз мейрамына орай Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай аудандық Жастар ресурстық орталығы «Ең үлкен бауырсақ» атты аудандық онлайн-байқау ұйымдастырды, деп жазады altaynews.kz.

Байқауға барлық ауылдық округ тұрғындары мүмкіндігінше қатысып, бағын сынады.

«Байқауды өткіуздегі мақсатымыз – аудан жастарын қызықтыратын әртүрлі форматтағы бағдарламаларды өткізу, ұлттық мерекелерімізді, салт-дәстүрлерімізді ұлықтау, жастарымызды елжандылыққа тәрбиелеу және ұлтаралық келісімді нығайту. Елдегі пандемия жағдайына байланысты аталған шараны онлайн түрде өткізуге тура келді. Десек те, байқауға қатысуға ниет білдіргендер көп болды. Бұл қуантарлық жайт. Келесі жылы да осындай мазмұндағы байқауларды ұйымдастырамыз деген ойдамыз», - дейді аудандық Жастар ресурстық Орталығының директоры Қуаныш Оралұлы.

Байқау шарттары бойынша қатысушылар ұлттық киімде үй жағдайында мейлінше үлкен бауырсақ пісіріп, оның салмағын, көлемінің өлшемдерін видеоға түсіріп, ұйымдастырушыларға электрондық пошта арқылы жолдаған.

Байқау қорытындысы бойынша жүлделі үшінші орынды салмағы 900 грамм, диаметрі 20 сантиметрлік бауырсақты пісірген Жаңа Үлгі ауылының тұрғыны Альфира Құсайынова иеленді. Екінші орынды Аққайнар ауылынан Бақтыгүл Ешекенева еншіледі. Оның дайындаған бауырсағының салмағы 1 келі 109 грамм, ал көлемі 28 см құраған. Ал байқау жеңімпазы болып , яғни, ең үлкен бауырсақты пісірген Бақтыгүлдің ауылдасы Маржан Төлеуова танылды. Оның бауырсағының салмағы 3 кг 906 грамм болса, диаметрі 30 сантиметрді көрсетті.

«Байқау болатындығы туралы аудандық Жастар Орталығының Инстаграм парақшасынан оқып білдім. Бұрын-соңды мұндай көлемдегі бауырсақты пісіріп көрген жоқ едім. Ұлттық тағамымызды әзірлеуге онша көп уақыт кете қоймады. Бір кештің ішінде даярлап, пісірдім. Байқаудың жеңімпазы болғаныма қуаныштымын. Бұндай байқаулар ұлттық тағамдарымызды насихаттауға үлкен септігін тигізеді», - дейді байқау жеңімпазы Маржан Төлеуова.

Байқау жеңімпазы мен жүлдегерлері аудан әкімінің дипломымен және естелік сыйлықтарымен марапатталды.