Шығыс Қазақстанға зымыран «құлады»

0
439

Құтқарушылар тұрғындар мен жануарларды оқиға орнынан эвакуациялады.


Шығыс Қазақстанға зымыран «құлады»

ERNUR.KZ. Шығыс Қазақстан облысында құтқарушылар «Зымыран-2021» арнайы тактикалық оқу-жаттығуын өткізді, деп жазады ҚазАқпарат.

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, арнайы тактикалық оқу-жаттығу Глубокое ауданында өтті.

Аңыз бойынша ТЖД кезекшісіне «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшқан зымыран тасығыш фрагменттерінің өңір аумағына құлағаны туралы хабар келіп түсті.

Сол жерге апатты жедел жою үшін азаматтық қорғау қызметтері келіп жетті.

Сонымен қатар облыстық және аудандық әкімдікте төтенше жағдайлар жөніндегі комиссиялардың шұғыл отырысы өткізілді.

Қоғамдық тәртіпті қорғау қызметі зымыран тасығыштың құлаған жерін түгел қоршап тастады.

ТЖ аймағындағы ауыл тұрғындары қалыптасқан жағдай туралы сигналдық-дауыс құрылғыларымен жабдықталған автокөліктердің көмегімен хабардар етілді.

Құтқарушылар тұрғындар мен жануарларды оқиға орнынан эвакуациялады. Тарханка ауылының халқы орналастыру пунктіне жеткізілді.

Онда азаматтарға үш уақыт ыстық тамақ пен бірінші кезекте қажетті заттар берілді. Эвакуацияланған халықпен психологтар жұмыс жүргізді.

Өрт сөндірушілер қызыл жалын ошақтарын толықтай ауыздықтады.

Жергілікті атқарушы орган өкілдері ТЖ аймағында химиялық зақымдану деңгейін анықтау және апат аумағын қалпына келтіру жұмыстарын ұйымдастырды.

«Тактикалық арнайы оқу-жаттығуға жеке құрамнан 30 адам мен 10 техника жұмылдырылған. Мұндағы басты мақсатымыз – зымыран тасығыштан болған төтенше жағдайдың салдарын жоюға азаматтық қорғау қызметтерінің деңгейін арттыру», - дейді облыстық ТЖД бастығының орынбасары Дмитрий Титов.