СҚО-да ер адам балаларының көзінше әйелін аяусыз сабап өлтірген

0
1 730

Екі рет сотталған, жұмыссыз болған ер адам әйелінің есебінен күн көріп келген.


СҚО-да ер адам балаларының көзінше әйелін аяусыз сабап өлтірген

фото: Stan.kz.

ERNUR.KZ. СҚО Явленка ауылында қайғылы оқиға орын алды. Ер адам әйелін балалары мен қайын енесінің көзінше қызғаныштан аяусыз ұрған. Марқұмның туыстары ер азаматтың біраз уақыттан бері жұбайын көк ала қойдай етіп сабайтынын айтады. Бірақ қызғаншақ күйеуінен кетіп қалуға әйел қатты қорыққан, деп жазады Stan.kz.

Қайғылы оқиға ескі жаңа жылды тойлап жатқанда болған. Ең жақын туыстарының алдында күйеуі жұбайын сабап тастаған. 29 жастағы азаматша ауыр соққы салдарынан өлім құшқан.

"Бұл адам өлтірді! Оның үстіне, анасының көзінше! Менің көзімше! Мұны қалай жазасыз қалдыру керек?!" - дейді қайғыдан қан жұтқан ана Асылтас Омарова.

Жақындарының көзінше күйеуі үнемі жұбайын түрткілеп маза бермеген. Тіпті, жүкті кезінде қол көтеретін кездері болған. Екі рет сотталған, жұмыссыз болған ер адам әйелінің есебінен күн көріп келген. Мұнысымен қоймай, қызғаныштан әйелінің жұмысқа тұруына кедергі келтірген. Күйеуінен әбден зәрезап болған әйелі ажырасып кетуге де қорыққан.

Қайтыс болар күні туған күнін тойлап жатқан күйеуіне сол күні әйелінің ескі жаңа жылды құрбыларымен тойлап келуге кетуі ұнамаған. Бұл ашудың соны жарының ажалымен аяқталды.

"Денсаулыққа қасақана зиян келтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Жасаған қылмысы бойынша жазаның ең көп мерзімі - 12 жыл бас бостандығынан айыру.

Марқұмның туыстары полициядан мұқият тергеу талап етеді. Қылмыскердің таныстары арқасында нақты жазадан құтылу жолын табады деп қорқады. Айсұлудың артында екі баласы қалды.