Солтүстік Қазақстан облысының экономикалық көрсеткіштері артты

0
283

Биылғы жылдың қаңтар-ақпан айының қорытындысы бойынша облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары 83 003,1 миллион теңге сомасына өнім шығарды.


Солтүстік Қазақстан облысының экономикалық көрсеткіштері артты

Еліміздің экономикасының дамуы өнеркәсіп саласына тікелей байланысты. Осы тұста Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінің болашағы зор екенін айта кеткен жөн. Тіпті еліміз әлемдегі ең ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің бірі бола алады.

Бұл ретте топырағы құнарлы жері жазық Солтүстік Қазақстан облысын айтуға болады. Себебі облыстың экономикасы аграрлық салаға бағытталған. Сонымен қатар, өңірде уран, алмаз, қалайы, асыл металдар, тас көмір, тау-кен шикізаты, құрылыс материалдары, каолин, минералды су және емдік балшықтар қоры бар.
Солтүстік Қазақстан - Қазақстанның ең солтүстігіндегі облысы. 1936 жылы Қарағанды облысының әкімшілік бөлінісі нәтижесінде құрылды. Ресейдің Қорған, Омбы және Түмен облыстарымен шектеседі. Облыс орталығы – 1752 жылы іргесі қаланған Петропавл қаласы. Есіл өзенінің бойында орналасқан. Облыс аумағына 13 ауылдық аудан, 4 шағын қала (Петропавлдан басқа) және 186 ауылдық округ кіреді.
Биылғы жылдың қаңтар-ақпан айының қорытындысы бойынша облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары 83 003,1 миллион теңге сомасына өнім шығарды. Аталған көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 17,2%-ға жоғары. Сондай-ақ, өңдеу өнеркәсібінде 2022 жылға қарағанда 25 пайызға жоғары өнім өндірілді.
Тарқатып айтар болсақ, тамақ өнімдерін өндіру 42 944,3 миллион теңгеге, етті өңдеу және консервілеу және ет өнімдерін өндіру 76,6 пайызға ұлғайды.
Одан бөлек, машина жасау саласында 11 475 миллион теңгеге өнеркәсіптік өнімдер өндірілді. Бұл көрсеткіш те 2022 жылмен салыстырғанда 28,4%-ға артық.
Өзге де металл емес минералды өнімдер 1 236,7 миллион теңгеге шығарылды. Сонымен қатар, резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіруде 1 097,6 миллион теңгеге өнім өндірілді.
Ал, ауыл шаруашылығы саласында биылғы жылдың қаңтар-ақпан айларындағы жалпы өнімінің өндіріс көлемі 32 702,6 миллиард теңгені құрады. Одан бөлек, негізгі инвестициялар көлемі 30 825,9 миллион теңгеге жетті.


Солтүстік Қазақстан облысында өнеркәсіппен қатар кәсіпкерлік саласы да қатар дамып келеді. Аталған салалар облыстың экономикалық даму көрсеткіштеріне тигізіп жатқан үлестері жетерлік.
Қазіргі таңда облыс аумағында жұмыс істеп жатқан шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 33 895 бірлікті құрайды.
Өткен жылы кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыруға 2021-2025 жылдарға 6,9 миллиард теңге бөлінді. Оның ішінде субсидиялау құралы бойынша 4,5 миллион, мемлекеттік гранттар беруге 37 миллион теңге, кредиттер бойынша ішінара кепілдік беруге 2,1 миллиард теңге қаралды. Сондай-ақ, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында бес жобаны субсидиялау шартына қол қойылды. Одан бөлек, субсидиялау құралы бойынша 500-ден астам жоба мақұлданып, 126 кепілдік шартына қол қойылды. Сонымен қатар, кәсіпкерлік саласында 105,3 мың адам жұмыспен қамтылды.
Ал, өңірде 2022 жылы сыртқы сауда айналымы 618,7 миллион АҚШ долларын құрады. Оның ішінде Ауғанстан барлық экспорт көлемінің 28,3%-ы, Қытай 9,7%, Өзбекстан 23,1%, Польша 5,7%, Бельгия 7,2 пайызын құрайды.
Экспорттың негізгі үлесін мал және өсімдік өнімі, дайын азық-түлік тауарлары алады. Ал, импорттық жеткізулердің негізгі үлесін машиналар, жабдықтар, көлік құралдары, мен аппараттар құрайды.
Өткен жылғы көрсеткіштерге сәйкес, Солтүстік Қазақстан облысының Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттермен өзара сауда-саттық көлемі 571,2 миллион АҚШ долларын құрады.

Ал, «Денсаулық сақтау» саласы бойынша нақтыланған жылдық жоспар 15 миллиард 908,2 миллион теңгені құрады.
Облыс аумағында 19 ауруханалық, 63 амбулаториялық-емханалық ұйымдары, 58 дәрігерлік амбулатория, 5 емхана, 41 фельдшерлік-акушерлік және 403 медициналық пункт бар. Оның ішінде мемлекеттік медициналық ұйымдардың төсек-жай қоры 3223 кереуетті құрайды.


Өңірдегі денсаулық сақтау нысандарын медициналық жабдықтармен қамту көрсеткіші 65,58 пайызды құрайды. Сондай-ақ, биыл медициналық мекемелердегі инфрақұрылымның тозуын төмендету мақсатында 19 күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Аталған жұмыстарға 1,2 миллиард теңге көлемінде қаржы бағытталып отыр.
Одан бөлек, облыстың медициналық-демографиялық көрсеткіштерін жақсарту мақсатында 4 облыстық стационарды біріктіруге мүмкіндік беретін 480 төсек-жайға арналған заманауи көп бейінді облыстық аурухана құрылысын салу бойынша тиісті жұмыстар қолға алынған.
Биылғы жылы «Жас Өркен» шағын ауданында жаңа емхана пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, «Береке» шағын ауданында тағы бір емхана салынуда.
2023 жылы облыстағы денсаулық сақтау объектілерін дамытуға 5 909,7 миллион теңге бөлінді. Сондай-ақ «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Солтүстік Қазақстан облысының аудандарында 46 медициналық нысанның құрылысы басталады.

Өңірде білім сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар кезең-кезеңімен іске асырылуда. Жалпы облыста 465 жалпы білім беретін мектеп пен 72 мыңнан астам оқушы бар.
Бұл тізімге 355 шағын жинақты, 4 мамандандырылған және 7 арнайы мектеп кіреді. Сондай-ақ, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған алты білім беру мекемесі бар. Оның ішінде 12 510 оқушы қазақ тілінен, 38 493 оқушы орыс тілінен, 21 248 оқушы аралас тілдер бойынша білім алады.
Өткен жылы білім саласын қаржыландыруға 114,8 миллиард теңге бөлінді. Ал, 2023 жылы білім беру нысандарының күрделі шығыстарына 5425,6 миллион теңге қаржы қаралды.


Биылғы жылы өңірде 2262,4 миллион теңгеге 600 орындық екі студенттік жатақхана және Петропавл қаласында 244 адамға арналған жатақхана салынады. Сондай-ақ, «Копай» ықшам ауданында 1200 орындық мектеп, «Орман» ықшам ауданында 300 орындық білім беру нысаны бой көтереді.
Одан бөлек, жергілікті бюджет есебінен Тайынша ауданында 600 орынға арналған және Вишневка ауылында 120 орынға арналған мектеп салу жоспарланып отыр.
2023 жылы облыстағы білім беру нысандарын дамытуға жалпы 11 201,3 миллион теңге бөлінді.
Айта кетейік, өңірде бой көтеріп жатқан барлық мектептер заманауи талаптарға сәйкес салынуда. Оның ішінде балалардың сапалы білім алуына қажетті барлық қолайлы жағдайлар жасалуда. Сондай-ақ, білім алушылардың қауіпсіздігіне баса назар аударылған. 2021 жылы осы мақсатта 65,8 миллион теңге бөлінді. Нәтижесінде облыстағы барлық білім беру ұйымдарында 100 пайыз бейнебақылау жүйесі орнатылған. Сонымен қатар, облыстың барлық мектептері жылы дәретханалармен жабдықталған.
Өңірде 60 мыңға жуық бала қосымша білім берумен қамтылған. Қазіргі таңда оқушыларды қосымша білім берумен қамту көрсеткіші 76 пайызды құрайды.
Айта кету керек, жаңа оқу жылынан бастап 1-4 сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Яғни Петропавл қаласы мен облыстың барлық аудандарының бастауыш сынып оқушылары қамтылады.
Солтүстік Қазақстан облысында бүлдіршіндерді балабақшамен қамту шаралары да толыққанды жоспарға сай жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда өңірде 473 мектепке дейінгі ұйым бар. Оның ішінде 76 балабақша тіркелген. Соның 61-і мемлекеттік, 15-і жекеменшік. Бұдан басқа, 8 «Мектеп-бала бақша» кешені, 384 шағын-орталық жұмыс атқарады. Нәтижесінде 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткіші 100 пайызды құрайды. Ал, 1-6 жас аралығындағыларды қамту нәтижесі 80,5 пайызға жетті.

Солтүстік Қазақстан облысы дене шынықтыру мен спортты дамыту бойынша еліміз бойынша алдыңғы қатарда келеді. Атап айтатын болсақ, бүгінде облыс аумағында 3 мыңға жуық спорт ғимараты жұмыс істейді.
Солтүстік Қазақстан облысында спорт саласын қаржыландыру жыл сайын артып келеді. Соңғы төрт жылда қаржыландыру көлемі 2,5 миллиард теңгеге артты.


Бұқаралық спорттың дамуы қажетті спорттық инфрақұрылымның болуымен тікелей байланысты екені анық. Осы бағытта өңірде «Ауыл - Ел бесігі» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламалары шеңберінде 6 спорт нысанының құрылысы жүргізілуде. Нақтырақ айтсақ, Аққайың ауданы Смирнов ауылы, Айыртау ауданы Саумалкөл ауылы, Есіл ауданы Явленка ауылы, Жамбыл ауданы Пресновка ауылы және Тимирязев ауылдарында 5 дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып жатыр.
Одан бөлек, мектеп-интернат-колледжінің өскелең олимпиядалық спортшылары үшін 244 орындық жатақхана құрылысы жүргізілуде.
Сонымен қатар, жергілікті бюджет қаражаты есебінен Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның Новоишим ауылында жабық хоккей кортының құрылысы және Самұрық қазына» қорының қолдауымен Айыртау ауданының Саумалкөл ауданында көпфункционалды спорт кешенінің құрылысы жүргізіліп жатыр.
Сәйкесінше, облыста дене шынықтыру және спортпен шұғылданушылар саны күн санап өсуде. Қазіргі таңда облыс халқының 34,5 пайызы спортпен тұрақты түрде айналысады. Алдағы уақытта дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысатындардың санын 37 пайызға дейін ұлғайту жоспарлануда.
Осы бағытта өңірде 27 балалар мен жасөспірімдер мектебі, облыстық олимпиадалық резервтің спорт мектеп-интернат-колледжі, жоғары спорт шеберлігі мектебі, олимпиадалық резервті даярлау орталығы, 9 спорт клубы, 11 балалар мен жасөспірімдер дене шынықтыру және 25 аула клубы жұмыс істейді. Сондай-ақ, дене шынықтыру және спортпен айналысатын балалар мен жасөспірімдер санын одан әрі арттыру үшін спорт түрлері бойынша жаңа бөлімдер мен оқу топтары ашылуда.
Нақтырақ айтсақ, 2021 жылы аудандық және қалалық спорт мектептерінде 40-тан астам топ ашылды. Ал, биылғы жылы баскетбол, ауыр атлетика, таэквандо, қазақ күресі, гимнастика, тоғызқұмалақ, бестас, конькимен жүгіру спорты, шорт-трек, кикбоксинг, шайбалы хоккей бойынша 21-ден астам секция ашу жоспарланып отыр.
Облыс аумағында бұқаралық спортпен бірге ұлттық спорт түрлері де қатар дамып келеді. Сәйкесінше, ұлттық спортпен айналысатындардың да саны артуда.
Өткен жылы жергілікті бюджет есебінен ұлттық ат спортымен айналысуға мүмкіндік беретін облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі ашылды. Аталған нысанда аударыспақ, көкпар, теңгеге, жамбы ату, бәйге сынды спорт түрлерімен айналысуға болады.
Бұдан бөлек, биыл облыс орталығында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 3 мың орындық спорт сарайының құрылысын бастау жоспарлануда.
Сонымен қоса, тұрғындардың спортқа деген қызығушылығын одан әрі арттыру мақсатында облыс аумағында түрлі іс-шаралар өткізіліп тұрады. Тарқатып айтар болсақ, облыс аумағында 2021 жылы 200 мыңға жуық адамды қамтитын 400-ден астам спорттық-бұқаралық іс-шаралар өткізілді. Сондай-ақ, жыл сайын бокстан ардагерлер арасында «Ринг патшасы» облыстық турнирі өткізіледі. Ал, қыс мезгілінде спорт сарайында, жабық және ашық хоккей корттарында, ашық мұз айдындарында конькимен жаппай сырғанау ұйымдастырылады. Сонымен қатар, жыл сайын мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған «Надежда» облыстық спартакиадасы, «Ақ бидай» облыстық жазғы спорттық мерекесі, «Жастар» облыстық спартакиадасы, «Солтүстік» қысқы спорттық мерекесі өткізіледі.
Одан бөлек, қала тұрғындарының Борки кентіндегі шаңғы-роллер трассасында шаңғы тебуге және «Петрогорки» шаңғы кешенінде бос уақыттарын белсенді өткізуіне қажетті барлық жағдайлар жасалған.
Өткен жылдың мамыр айынан бастап өңірде мемлекеттік спорттық тапсырыс аясында қаржыландыру жүйесі іске қосылды. Жалпы облыс аумағында 4-тен 17 жасқа дейінгі 3200 бала мен жасөспірім ақылы негізде шұғылданды. Ал, мемлекеттік спорттық тапсырыс аясында 3 мыңнан астам бала тегін оқуға ауыстырылды.
Солтүстік Қазақстан облысының спортшылары түрлі байқауларда жүлделі орындардан көрініп жүр. Атап айтсақ, биыл қыздар волейбол клубы тарихта алғаш рет ҚР Кубогының қола медалін жеңіп алды. Бүгінге дейін облыс спортшылары 300 республикалық және халықаралық жарыстарға қатысып, 1500-ге жуық түрлі дәрежедегі медальдарға ие болды.

Өңірде спорт пен қатар мәдениет саласы да дамып келеді. Қазіргі таңда облыс аумағында 600-ден астам мәдениет және архив ұйымы жұмыс істейді.
Олардың қатарында 271 клуб үлгісіндегі мәдениет мекемесі, 321 кітапхана, 4 мұражай, 1 мұрағат, 3 театр, 1 облыстық мемлекеттік филармония, 1 тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөніндегі орталық және бір тілдерді оқыту орталығы бар.
Бірнеше жылдан бері облыстағы мәдениет нысандарының инфрақұрылымын дамыту мәселесіне айрықша көңіл бөлінуде. Бекітілген жоспарға сәйкес, ескірген нысандарға жөндеу жүргізіліп, жаңа мәдениет ошақтары бой көтеріп келеді. Жалпы облыс бойынша өткен жылы 20 жобаны іске асыруға 1 миллиард 619 миллион теңге қарастырылған. Оның ішінде республикалық бюджеттен 756 миллион теңге, жергілікті бюджеттен 863 миллион теңге бөлінді.

Бұдан бөлек, облыс аумағында соңғы жылдары автомобиль жолдарын жөндеу мәселесіне ерекше көңіл бөлініп отыр. Жалпы Солтүстiк Қазақстан облысының автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 8 996 шақырымды құрайды. Оның iшiнде 1 970 км республикалық, 1 983 км облыстық, 5043 км аудандық маңызы бар жолдар.
2020 жылы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергiлiктi маңызы бар автомобиль жолдарының үлесi 69%, 2021 жылы 74 пайызға жеткізілді. Ал, жүк тасымалдау көлемi биылғы жылдың қаңтар-ақпан айында 3 607,1 мың тоннаны құрады.


Бүгінде еліміз бойынша инфрақұрылыммен қамту мәселесі күн тәртібіндегі негізгі тақырыптардың бірі екені айтпаса да белгілі. Бұл бағыттағы жұмыстар Солтүстік Қазақстан облысында да жүйелі түрде іске асырылып келеді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде облыс аумағындағы бірқатар мәселелер оңды шешімін тапты десек те болады.

2023 жылы облыс аумағында тұрғын үйлердің жалпы ауданы 9775 шаршы метрді құрады. Жалпы облыста 2 мыңға жуық көпқабатты үйлер бар. Өңірде 2011-2019 жылдар аралығында жалпы сомасы 2,7 миллиард теңгеге 170 көппәтерлi тұрғын үйге жөндеу жүргiзiлдi. Нәтижесiнде күрделi жөндеудi қажет ететiн үйлердiң үлесi 27,5 пайыздан 16,9%-ға дейiн төмендедi.
Тарқатып айтар болсақ, облыс тұрғындарының 63,3 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Облысты сумен жабдықтаушы негізгі ұйымдардың қатарына «Нұра топтық су құбыры» шаруашылық жүргiзу құқығындағы республикалық мемлекеттiк кәсiпорнының «Есiл су» филиалы және «Қызылжар су» ЖШС ұйымдары кіреді. Сондай-ақ, өңірдің барлық 5 қаласы орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. Одан бөлек, облыста орталықтандырылған сумен жабдықтау жер асты сулары арқылы жүзеге асырылады.


Қазіргі уақытта қалған елдімекендерді ауыз сумен қамту мақсатында тиісті жұмыстар қолға алынған. Атап айтсақ, биылғы жылы облыс бойынша сумен жабдықтауға және су бұруға 10 миллиард теңге көзделген. Ал, 2020 жылы сумен жабдықтауға 6,5 миллиард теңге бағытталып, ауылдардың орталықтандырылған сумен жабдықтауға қолжетімділігі 62,7%-ға жетті.
2023 жылы 250 шақырымға жуық су құбыры желілері салынып, жөнделеді. Нәтижесінде жыл соңына қарай ауыл тұрғындарының ауыз сумен қамту көрсеткіші 97,9 пайызға жетеді.
Бұдан басқа, «Қуатты өңірлер - ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында сумен жабдықтау мен су бұру объектілерін салуға және реконструкциялауға 5 076,6 миллион теңге, топтық және жергілікті сумен жабдықтау жүйелерінен ауыз су беру жөніндегі қызметтердің құнын субсидиялауға 3 472,7 миллион теңге бөлінді.
Сондай-ақ, «Ауыл-ел бесігі» жобасы шеңберінде ауылдық елді мекендерде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға 1 368,2 миллион теңге бөлінген. Оның 1 198,7 миллион теңгесі республикалық бюджеттен, 169,5 миллион теңгесі жергілікті бюджеттен қаралды.
Олардан бөлек, тұрғындарды газбен қамту жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Негізінен Солтүстік Қазақстан облысында тұрмыстық және өндірістік қажеттілік үшін сұйытылған көмірсутегі газы қолданылады.
Ал, газды «CNPC-Ақтөбемұнайгаз» ЖШС, «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС-і жеткізеді.
Сондай-ақ, тұрғындарды және кәсіпорындарды сұйытылған газбен жабдықтау газ баллоны, автожанармай құю станциясы және топтық резервуарлық қондырғы арқылы жүзеге асырылады.
Бұдан бөлек, көпқабатты үйлерді сұйытылған газбен қамтамасыз етуді «Горгаз-сервис» ЖШС топтық резервуарлық қондырғы арқылы жүзеге асырады.
Облыс аумағында тұрғындарды сапалы жарықпен қамту жұмыстары да жоспарға сай жүргізілуде. Нақтырақ айтатын болсақ, Солтүстiк Қазақстан облысы аумағында «Севказэнергосбыт» ЖШС және «Солтүстiк ЭнергоОрталық» ЖШС атты 2 энергиямен жабдықтау ұйымы бар. «Севказэнергосбыт» ЖШС Петропавл қаласында және облыстың сегiз солтүстiк ауданында, «СолтүстiкЭнергоОрталық» ЖШС бес оңтүстiк ауданында жұмыс істейді.
Одан бөлек, «Солтүстiк Қазақстан ЭТК» АҚ Петропавл қаласы үшiн және облыстың 8 солтүстiк аудандарына электр энергиясын беру және таратуды жүзеге асырады. Ол тізімде Аққайың, Есіл, Жамбыл, Қызылжар, Мамлют, М.Жұмабаев, Тимирязев, Шал ақын аудандары бар.
Аталған электр қуатын жеткізу жолының облыс бойынша ұзақтығы 13 088 км, қосалқы станция саны 2366 бірлікті құрайды.
Қазіргі таңда өңірде жаңартылатын энергияны пайдалану бойынша 170-ке жуық объект жұмыс істейді. Ал, «Көкшетау Энерго» ЖШС Солтүстік Қазақстан облысының 5 оңтүстік ауданында электр энергиясын тарату және жеткізуді жүзеге асырады. Аталмыш кәсіпорынның балансында 10182 мың км әуе және кабельдік электр беріліс желісі және облыс аумағында орналасқан 1603 қосалқы станциясы мен трансформаторлық пункттері бар.
Сондай-ақ, бүгінде өңірде жаңартылатын энергияны пайдалану бойынша 170-ке жуық нысан жұмыс істейді. Одан бөлек, 119 қазандық орнатылып, 80 бюджеттік мекеме ауыстырылды. Нәтижесінде 260 миллион теңгеге 26 мың тонна көмір сатып алынбай, зиянды заттардың шығарындылары көмірмен салыстырғанда 6 есеге төмендеді.

Облыс аумағында халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жұмыстар қарқынды іске асырылып келеді. Оның ішінде жұмыссыздық деңгейін төмендету мәселесіне баса назар аударылған. Ал, халықты жұмыспен қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» аясында жүзеге асырылады.
Биылғы жылдың қантар-ақпан айларында тіркелген жұмыссыздар саны 5 мыңнан асты. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 130,3%-ға жоғары.
2023 жылғы 1 наурызда мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылып, 3713 адамға жұмысқа орналасуға жәрдем көрсетілді. Ал, 1280 адам қоғамдық жұмыстарға жіберілді.

Қазіргі уақытта жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша 300-ге жуық адам кәсіптік оқытуға және сұранысқа ие дағдылар бойынша 600-ден астам адам оқуға жіберілді. Сондай-ақ, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне 1500-ден астам адам оқытылды.
Алдағы уақытта кәсіпкерлердің қажеттіліктеріне сәйкес, дағдыларды дамыту үшін 500 адамды қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жіберу жоспарлануда.
Облыс аумағында жастарды жұмыспен қамту мәселесіне де ерекше көңіл бөлініп отыр. Атап айтсақ, өңірде жастардың және халықтың әлеуметтік осал топтарының жаңа бизнес идеяларын іске асыруға жағдай жасау мақсатында 799,4 миллион теңге сомасына 655 грант беру жоспарлануда. Ал, өткен жылы осы бағытта 400-ге жуық адамға грант берілді.
Одан бөлек, субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру арқылы 300-ге жуық адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 600-ге жуық қатысушы жастар тәжірибесіне, 2500-ге жуық адам қоғамдық жұмыстарға жіберілді. Сонымен қатар, «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» және «Күміс жас» жобалары бойынша 200-ше жуық адам жұмысқа орналасты.
Облыс аумағында өткен жылдың қорытындысымен аз қамтылған азаматтардың саны 8 мың адамды құрады. Нәтижесінде 448,2 миллион теңге сомасында 7718 адамға мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Сонымен қатар, мереке және атаулы күндерде 14 мыңнан астам адамға әлеуметтік көмек тағайындалып, 300-ге жуық отбасыға тұрғын үй бойынша көмек көрсетілді.
Облыс бойынша әлеуметтік көмек алушылардың саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22,6 пайызға аз екені анықталды.
Ал, биылғы жылдың наурыз айында 4 мыңға жуық адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Осы мақсатта 53,7 миллион теңге бөлінді.
Солтүстік Қазақстан облысында аз қамтылған отбасылармен қатар халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау шаралары да қолға алынған. Өңірдегі халықты әлеуметтік қорғау саласына жататын ұйымдар жүйесінің мемлекеттік құрылымына 8 әлеуметтік қамту орталығы және мүгедектерді сауықтыру нысаны жатады.
Бүгінде облыс аумағында 40-қа жуық әлеуметтік көмек көрсету бөлімшелері жұмыс істейді. Олар 3,6 мыңнан астам қарт азамат пен мүгедекке, кемтар балаларға және психоневрологиялық аурулары бар 18 жастан жоғары азаматтарға қызмет көрсетеді.
Сондай-ақ, мүгедектігі бар адамдарды санаторлық-курорттық емдеумен, техникалық көмекші құралдармен, арнайы жүріп-тұру құралдарымен қамтамасыз ету шаралары бекітілген заңамаға сәйкес жүргізіледі.
Өткен жылы республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға 335 кресло-арба, 430 сурдо-техникалық , 401 тифло-техникалық, 1270 протездік-ортопедиялық, 2144 тифлотехникалық және гигиеналық құралдар сатып алынды. Сондай-ақ, 600-ге жуық адам санаторлық-курорттық емдеу қызметтерін алды. Одан бөлек, 1500 адам міндетті гигиеналық құралдармен қамтылып, 577 адам әлеуметтік қызметтермен қамтылды. Оның ішінде жүріп-тұруы қиын 1-топтағы 356 мүгедектігі бар адамдарға жеке көмекшілер қызметі және 221 есту кемістігі бар тұлғаларға ымдау тілі мамандарының қызметі көрсетілді.
Түйіндей келе, экономиканың тұрақты дамуы тұрғындардың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететіні белгілі. Ал, Солтүстік Қазақстан облысында осы екі бағыт бірге дамып келеді. Өз кезегінде облыстың экономикалық даму көрсеткіштерін жоғары бағалауға болады. Өңірді дамыту жұмыстары алдаға уақытта да өз жалғасын табар.

ERNUR.KZ.