Солтүстік Қазақстанға барған дәрігерлерге 3,5 млн теңгеге дейін көтермеақы төленеді

0
541

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бүгінде 207 дәрігердің орны бос тұр.


Солтүстік Қазақстанға барған дәрігерлерге 3,5 млн теңгеге дейін көтермеақы төленеді

ERNUR.KZ. Солтүстік Қазақстанға еңбек етуге барған дәрігерлерге әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Облыс орталығында еңбек ететіндер 2,5 млн, ауылдық жерлерге баратындарға 3,5 млн теңгеге дейін көтермеақы төленеді. Соңғы айда өңірдегі емдеу мекемелері 73 жас маманмен толықты, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Мәди Жасұлан - Қазақ Ұлттық медцина университетінің түлегі. Дәрігер мамандығын меңгеру үшін 9 жыл бойы білім алған. Дипломға ие болған соң уақыт оздырмай Қызылжарға жол тартыпты. Бірден қаладағы 1-ші емханаға жұмысқа қабылданды.

«Барлық жерде халық бірдей ауырады. Солтүстік өңірдің тұрғындарына да сапалы медициналық көмек қажет. Сондықтан Петропавл қаласына келіп отырмын. Әрі жер көремін, ел танимын, тәжірибе жинаймын. Қомақты қаржы төленеді. Келісімшарт бойынша осы өңірде 5 жыл еңбек етуім керек», - дейді жас маман.

Петропавл қаласындағы 1-ші емханада 70 мың тұрғын тіркелген. Мекемеде штаттық кесте бойынша 130 дәрігер болуы шарт. Алайда 30-дан астам жұмыс орны бос тұрған еді. Тамыз айынан бері ұжым 10 жас дәрігермен толықты. Мәди өз учаскесіндегі 1700 адамға медициналық қызмет көрсетеді.

«Былтыр учаскемізде дәрігер болмады. Басқасына бару үшін күні бойы кезекте отырасың. Қабылдауына жазыла алмайсың. Енді жағдай оңалады деп үміттенемін. Бүгін дәрігер қабылдауына дер кезінде кірдім», - дейді қала тұрғыны Хадиша Жақиянова.

Өңірге келген дәрігерлердің 56-сы облыс орталығында еңбек етсе, қалғандарының таңдауы ауылдық жерлерге түскен. Әр маманға 3,5 млн теңгеге дейін көтермеақы төленеді.

«Ауылға кеткен мамандардың да баспана мәселесі шешілген. Үй жалдап тұратындар үшін жалға пәтердің ақысы төленеді. Жас мамандар «Дипломмен ауылға», басқа да мемлекеттік бағдарламаларға қатыса алады. Былтыр аурухана, емханалардың бас дәрігерлері басқа өңірлердегі медициналық жоғары оқу орындарының басшылығымен келіссөздер жүргізген. Енді ол жемісін беріп отыр. Өңірге жас мамандар тару жұмыстары жалғасады», - дейді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Гүлнәр Қалиева.

Өңірдің медицина саласында әлі де маман тапшылығы бар. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 207 дәрігердің орны бос тұр.