​Степногорскідегі мектеп-интернаттың оқушылары өздерінен кіші балаларға әлімжеттік көрсеткен

0
866

Таралған видеоға қатысты Ақмола облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы түсінік берді.


​Степногорскідегі мектеп-интернаттың оқушылары өздерінен кіші балаларға әлімжеттік көрсеткен

иллюстрациялық сурет: ашық дереккөзден

ERNUR.KZ. Желіде Ақмола облысындағы спорттағы ерекше дарынды балаларға арналған мектеп-интернатындағы "әлімжеттік" бойынша деректер пайда болды, деп жазады Stan.kz

Бейнежазбаны Step.news Телеграм-арнасы жариялаған.

Таралған видеоға қатысты Ақмола облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы түсінік берді.

"Облыстық мамандандырылған олимпиадалық резерв мектеп-интернат-колледжінде (ОСШИКОР) орын алған қасақана тәртіп бұзу фактісі бойынша мектеп-интернат әкімшілігі қызметтік тексеру жүргізді. Кінәлі оқушы-спортшылар мектеп-интернаттан шығарылды. Тәртіпсіздікке жол берген қызметкерлерге мектеп әкімшілігі әкімшілік жаза қолданды. Сонымен қатар, барлық материалдар зерттелгеннен кейін Ақмола облысының дене шынықтыру және спорт басқармасымен тексеру жүргізіліп, кінәлілер жазаланатынын қосымша хабарлаймыз", - деді басқарма.

Бұл оқиғаны Степногорск қаласы әкімінің орынбасары Гүлназ Әбілова да түсіндіріп өтті.

Ол қалада облыстық спорттағы ерекше дарынды балаларға арналған мектеп-интернатындағы жағдай бойынша кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау комиссиясының шұғыл отырысы өткенін жеткізді. Көпшіліктің наразылығына байланысты журналистердің кездесуге қатысуына рұқсат етілген.

"Мұнда балалардың жеке бұзықшылығы емес, интернат әкімшілігінің қызметі қаралды. Тап сол басшылық кейбір балалар басқаларды қорлап жатқанда, балаларға қатыгездік көрсету фактілеріне жол беріп қойған. Осы жағдайға жол берген мектеп әкімшілігіне шара қолдану туралы ұсыныстармен облыстық кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияға және Ақмола облысының спорт басқармасына хат жолдадық", - деді Гүлнәз Әбілова.

Шенеунік сонымен қатар жағдай бақылауда екенін және барлық қажетті шаралар қабылданғанын айтты. Зардап шеккен балалармен психологиялық жұмыстар жүргізу ұсынылды.