Студенттер металл қалдықтарынан жылқы мен киіз үйдің макетін жасады

0
2 367

Ұлттық дүниелеріміз «Ұрпақтар сабақтастығы - қолөнерде» атты облыстық инсталляция байқауында ұсынылды.


Студенттер металл қалдықтарынан жылқы мен киіз үйдің макетін жасады

ERNUR.KZ. Павлодар түсті металлургия колледжінде «Ұрпақтар сабақтастығы - қолөнерде» атты облыстық инсталляция байқауы өтті, деп жазады ҚазАқпарат.

Байқау білім беру басқармасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын іске асыру шеңберінде ұйымдастырған сайысқа облысымыздағы 10 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымының шәкірттері қатысып, 16 жұмыс ұсынды.

- Инсталляция байқауына облыстың «Дәнекерлеу технологиялары» құзіреттілігі бойынша техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасының бір бағыты бойынша жеке немесе ұжым дайындаған жұмыстарын әкелді. Атап айтсақ, атқа міну мәдениеті, Ұлы даладағы ежелгі металлургия, аң стилі, Алтын адам, Түркі әлемінің бесігі, Ұлы Жібек жолы, Қазақстан - алма мен қызғалдақтың отаны атты инсталляцияларды жасауда өз күштерін сынап көрді, - деді облыстық білім беру басқармасы техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің әдіскері Мира Шыңғысова.

Сараптамалық кеңес байқауға қатысушылардың ұсынған жұмыстарының мазмұны мен атқарушылық шеберлігін, ойдың бірегейлігі мен креативтілігін бағалап, «Ұрпақтар сабақтастығы» және «Креативті жоба» номинациясы бойынша жеңімпаздарды анықтады.

«Ұрпақтар сабақтастығы» номинациясында Павлодар техникалық сервис колледжінің студенті Александр Трунов жеңімпаз атанды. Ол металл қалдықтарынан жылқы мен иттің мүсінін жасаған. Жылқының биіктігі 1 метрді құрайды.

Ал, «Креативті жоба» номинациясында металл қалдықтарынан биіктігі 60 сантиметрге жуықтайтын киіз үй жасаған монтаждау колледжінің студенті Юрий Тутаев жеңіске жетті.

Жүлдегерлер мен жеңімпаз атанған 6 жас қолөнершіге дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.