Талапкерлер өңір әкімдіктері бөлген 2,5 мың грантқа таласа алады

0
373

Жоғары оқу орындарына қабылдау 25 тамызда аяқталады.


Талапкерлер өңір әкімдіктері бөлген 2,5 мың грантқа таласа алады

ERNUR.KZ. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өңір әкімдіктері бөлген білім гранттары туралы айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

«Биыл жергілікті атқарушы органдар 2500 грант бөлді. Гранттар өңірлерде сұранысқа ие мамандықтар бойынша бөлінген. Білім гранттарын тағайындау жөніндегі конкурсқа қатысу үшін талапкерлер жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары арқылы өтініш беруі қажет. Әкімдіктер жыл сайын басым мамандықтар бойынша нысаналы даярлыққа гранттар бөледі. Негізінен өңірлерге педагогтер, дәрігерлер, инженерлер және IT-мамандар қажет», - деп жазды министр.

С.Нұрбектің ақпаратына сүйенсек, биыл, 1475 грант «Педагогика ғылымдары» және 424 грант «Денсаулық сақтау» бағытына бөлінген.

«Өткен жылдағыдай, 1 мыңнан астам грантты елорда әкімдігі бөліп отыр. Бұл – әкімдіктер арасындағы ең үлкен көрсеткіш. Одан кейінгі орында: Шығыс Қазақстан облысы – 270 грант, Абай облысы – 200 грант, Маңғыстау облысы – 175 грант, Ақмола облысы – 160 грант және Жетісу облысы – 100 грант. Қалған аймақтар 100-ден аз грант бөлген. Ал Шымкент және Алматы қалаларының, сондай-ақ Түркістан, Қызылорда, Павлодар облыстарының әкімдіктері бакалавриат мамандарын даярлауға грант бөлмеген», - деді ведомство басшысы.

Үміткер ЖОО-ның қабылдау комиссиясына келесі құжаттарды ұсынады:

- білімі туралы құжатын;

- ҰБТ сертификатын,

- жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін;

- жеңілдік санатын растайтын құжаттар (бар болған жағдайда).

Құжаттарды қабылдау мерзімі туралы ақпаратты әкімдіктерден, сондай-ақ жоғары оқу орындарының қабылдау комиссияларынан алуға болады. Грант беру туралы шешімді әкімдік жанынан құрылған арнайы комиссия қабылдайды.

Жоғары оқу орындарына қабылдау 25 тамызда аяқталады.