Тамыздағы ҰБТ-ға қатысуға өтінім қабылдау басталды

0
663

Шекті балл жинай алмаған талапкерлер тестілеуді қайта тапсырып, ЖОО-ға ақылы түрде түсе алады.


Тамыздағы ҰБТ-ға қатысуға өтінім қабылдау басталды

ERNUR.KZ. Бүгіннен бастап тамыз айында өтетін ұлттық бірыңғай тестілеуге өтінімдер қабылдау басталды, деп жазады Azattyq Ruhy.

ҰБТ-ға тіркелу app.testcenter.kz сайтында 25-30 шілде аралығында жүргізіледі. Тестілеудің өзі 10-13 тамыз аралығында өтеді.

Тамыздағы ҰБТ шекті балл жинай алмаған талапкерлердің тестілеуді қайта тапсырып, жоғары оқу орнына ақылы негізде түсу мүмкіндігіне ие болуы үшін өткізіледі.Оған биылғы және өткен жылдардағы мектеп түлектері де, колледж түлектері де, шетелдік оқу орындарында білім алғандар да қатыса алады.

Тамыздағы ҰБТ 10-13 тамыз аралығында электронды форматта өтеді. Тіркелу кезінде тестілеушілер емтихан өтетін орынды, күні мен уақытын таңдайды.

Сондай-ақ негізгі ҰБТ-ға қатысқан талапкерлер тамыздағы тестілеу кезінде бейіндік пәндер комбинациясын өзгерте алады.

«Өкінішке қарай, қаңтар-шілде аралығында өткен ҰБТ кезінде кейбір талапкерлер шекті балл жинай алмады. Шекті баллсыз олар еліміздің жоғары оқу орындарына түсе алмайды. Талапкерлердің ақылы бөлімге түсу мүмкіндігі болуы үшін біз тамыздағы ҰБТ өткіземіз. Ол үшін тестілеудің әрбір пәні бойынша тиісті шекті балл мен кемінде 5 балл жинау қажет», – деді ҚР Сыртқы істер министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.

Сонымен қатар өз мамандығы бойынша жоғары оқу орнында оқуын жалғастыруды жоспарлаған колледж түлектері әңгімелесу нәтижесі бойынша оқуға түсе алады.