"Таң ата хабар жетті": Сағынтаев жоғалған қазақстандықтарға қатысты жазба жариялады

0
71

Альпинист Александр Чечулин Жеңіс шыңында өкпе қабынуынан көз жұмды. Мұрат Өтепбаев пен Андрей Корнеев 6 600 метр биіктікте қиын жағдайда қалып отыр.


ERNUR.KZ. Қырғызстан тауларында қар құрсауында қалған қазақстандық альпинистерге тікұшақпен құтқарушы топ жіберілді. Бұл туралы Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп жазады Sputnik Қазақстан.

Белгілі болғандай, Қазақстанның ішкі істер министрлігі іздеу-құтқару жұмыстарын бастаған.

"Таң ата дабылды хабар жетті: Іле Алатауының қырғыз жағында қазақстандық бір топ альпинист із-түзсіз жоғалып кеткен. Жігіттеріміз Қырғызстан аумағында болғандықтан, СІМ мен ІІМ-мен жұмысты үйлестірудеміз. Ішкі істер министрлігі іздеу-құтқару жұмыстарын бастады", - деп жазды қала әкімі.

Айтуынша, Хантәңірі тауынан іздестіру орнына тікұшақпен тауда жаяу жүріп іздейтін құтқаратын топ жіберілген. Қиындығы сол, тікұшақ тек 4500 метр биіктікке ғана көтеріле алады. Одан әрі қарай оқиға орнында іздестіру тобы мен еріктілер жұмыс істейді.

"Қырғыз әріптестеріміз қолдау көрсетеді деп сенеміз", - деп жазды Сағынтаев.

Бұған дейін альпинист Мұрат Өтепбаевтың қызы Айгүл әлеуметтік желіде пост жариялап, қазақстандықтардан көмек сұраған еді.

Өтепбаев – альпинизмде 13 жылдық өтілі бар спорт шеберіне кандидат, Alpine Asia Team бапкері, төрт баланың әкесі.

Хабарланғандай, үш альпинист Мұрат Өтепбаев, Андрей Корнеев және Александр Чечулин шамамен 6 600 метр биіктікте Жеңіс шыңында қар құрсауында қалған. Чечулин өкпе қабынуынан көз жұмды.

"Қолайсыз ауа райы мен құрал-жабдықтың болмауынан альпинистер базалық лагерьге уақытында түсе алмаған. Тірі қалған Мұрат Өтепбаев пен Андрей Корнеев байланысқа шыға алмай отыр", - деп жазды Айгүл.

Айтуынша, жексенбі күні Қырғызстанның төтенше жағдайлар министрлігінің бір топ құтқарушысы МИ-8 тікұшағымен оқиға орнына барған. Алайда ауа райына байланысты іздеу жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр болыпты.

Қазақстанның төтенше жағдай комитеті хабарлағандай, тау жақта бүгін де қар жауып тұр.


Айтар жаңалығыңыз, бөлісер оқиғаңыз болса, +77752327733 whatsapp нөміріне жіберіңіз

Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет