Таразда 80 полиция көлігінен тұратын «Үйде бол» деген жазу пайда болды

0
168

Карантин кезінде полицейлер тәулік бойы қызмет атқарып, өңір тұрғындарын үйде болуға барынша шақырып, ол бойынша түрлі назар аударарлық шаралар ұйымдастыруда.


Таразда 80 полиция көлігінен тұратын «Үйде бол» деген жазу пайда болды

ERNUR.KZ. Түнгі Тараздың бас көшелерінің бірінде 80-ге жуық патрульдік көліктің қатысуымен құралған «Үйде бол» деген жазу пайда болды, деп жазады ҚазАқпарат.

Төтенше жағдай кезінде коронавирустық инфекцияға байланысты енгізілген шаралардың күшеюіне қарамастан, облыстың кейбір тұрғындары карантин режимінің талаптарын жете сақтамауда. Себепсіз үйден шығатындардың қарасы азаймай отыр.

Статистикаға сүйенсек, төтенше жағдай кезінде облыс бойынша 700-ден астам заңбұзушылық анықталған. Карантин кезінде полицейлер тәулік бойы қызмет атқарып, өңір тұрғындарын үйде болуға барынша шақырып, ол бойынша түрлі назар аударарлық шаралар ұйымдастыруда.

Кеше тәртіп сақшылары тұрғындарды карантин режимін сақтауға ерекше тәсілмен шақырды. Сексен қызметтік көлікпен шаһардың басты көшелерінің бірінде «Үйде бол» деген жазуды құрастырып, тұрғындарға үйде болудың маңыздылығын түсіндіріп, бейнеролик түсірді. Беноролик арқылы облыстық полиция департаментінің басшысы Жанат Сүлейменов тұрғындарды бекітілген талаптарды орындауға шақырды.

"Барлық іс-шаралар сіздердің қауіпсіздіктеріңіз үшін және денсаулықтарыңызды қорғауға бағытталуда. Карантиндік режимнің тезірек аяқталуы сіздердің талапты барынша сақтауларыңызға байланысты", - дейді облыстық полиция департаментінің басшысы Жанат Сүлейменов.

Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет