Таразда банкке «бомба қойған» күдікті ұсталды

0
776

Жамбыл ауданының 32 жастағы тұрғыны жалған ақпарат хабарлаған.


Таразда банкке «бомба қойған» күдікті ұсталды

ERNUR.KZ. Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 112 желісіне ер адам қоңырау шалып, «Сбербанк» АҚ Жамбыл филиалының ғимаратына жарылғыш зат қойылғанын айтқан, деп жазады ҚазАқпарат.

Хабарлама алғаннан кейін банк аумағын патруль полициясының «Боран-22» және «Боран-24» экипаж жасақтары қоршап, қаржы-несие мекемесінің 47 қызметкері қауіпсіз жерге көшірілген. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

«Банк мекемесіне шұғыл түрде қызметтік иттер мен жарғыш-техниктер, полиция департаментінің басшылығы мен түрлі басқармалар қызметкерлері, ҰҚКД, ТЖД және жедел медициналық көмек бригадалары келді. Тексеру барысында жарылғыш құрылғы табылған жоқ»,-делінген ведомство мәлімдемесінде.

Айта кету керек, жалған хабарлама дерегі бойынша бірден экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізген. Нәтижесінде Жамбыл ауданының 32 жастағы тұрғыны анықталып, ұсталды. Ол өз кінәсін толық мойындады.

«Қазіргі уақытта Қылмыстық кодекстің 273-бабымен (терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті Тараз қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды»,-дейді облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлсара Мұхтарқұлова.