Тендрдегі қитұрқылық: 155 мың теңгеге 3 бетперде сатып алынған

0
2 258

Биыл мемлекеттік сатып алулардан пайда табамын деп заңды белден басқандар саны былтырғыдан әлдеқайда көп.


Тендрдегі қитұрқылық: 155 мың теңгеге 3 бетперде сатып алынған

Келер жылдан бастап Пара бергендер немесе беруге әрекет жасағандар қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкін. Жемқорлыққа қарсы реформалардың төртінші кезеңі аясында енді әлем елдерінде сынақтан сәтті өткен стандарттар басшылыққа алынбақ, деп хабарлайды ERNUR.KZ Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Биыл мемлекеттік сатып алулардан пайда табамын деп заңды белден басқандар саны былтырғыдан әлдеқайда көп. Демек пандемия кезінде жемқорлық көбейсе, оны Пендемия жылы деп те айдарласақ болар.

Жылдың соңғы айы абыр-сабыр, қарбалас. Әдетте осы уақытта мемлекеттік мекемелерде алашапқын басталатыны бар. Бюджет толық игерілмейді, ал қалған құтқан қаржыны қалайда сытыру керек қой. Сөйтіп майшелпектің көкесі басталады.

«Бұл өңір салаға бөліп қарауға болмайды, осындай сатып алулар барлық салада және барлық өнірде кездеседі», дейді ҒАЛЫМЖАН ОРАЗЫМБЕТ, «ZERTTEU RESEARCH INSTITUTE» қоғамдық қорының сарапшысы.

Әдетте қалың қарашаның қарапайым тілегіне тиын санап отыратын әкімдіктердің тыққан-пыққаны жаңа жыл қарсаңында жылт ететіні бар. Мысалы Нұр-Сұлтан қаласының 4 ауданын қоса алғанда мұндай безендіру 230 миллион шығынға шыққан. Иә, ең қызығы бас қаладағы үш ауданның таңдауы 5-6 компанияның ішінен бір серіктестікке түскен. Сәйкестік пе, кім білсін?!

«Бізде бір көзден сатып алуға негіздер өте көп. 39 баптын 3ші тармағы 50ден астам негізбен бір көзден сатып алуға мүмкіндігі бар. Ал ОЭСР (Организация экономического сотрудничества и развития), оған дамыған, улкен жетістіктерге жеткен мемлекеттер мүше болады. Сол ОЭСР елдерінде бір көзден сатып алу 12-12ден аспайды, ал бізде 50-ден асады", дейді ҒАЛЫМЖАН ОРАЗЫМБЕТ.

«2018 жылы мемлекеттік сатып алудың көлемі 4,4 трлн теңге болды. Оның 3,3 трлн-ы, немесе 75 пайызы бәсекелестік ортада болмаған. Яғни бір көзден сатып алынған. Сондықтан депутаттар бір көзден сатып алу мүмкіндігін алып тастауды ұсынып отыр», дейді ҚР Парламенті мәжілісінің төрағасы НҰРЛАН НЫҒМАТУЛИН.

Қазақ айтпақшы, «қолының сұғанақтыға бар» шен-шекпенділерге пандемия да кедергі болмаған сыңайлы. Мысалы Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасы індет таралуы асқынып тұрған тұста бір данасы 68 мың теңге тұратын 200 маска сатып алған. Жалпы сомасы 13 миллионнан асқан бетперделер көзің мен ауыз, мұрныңды да түгел вирустан қорғайды деп ақталды. Бірақ ғаламтордан екі-үш есе арзан бағаға табуға болатынын олар ескермеген сияқты.

Бұл әдетте классикалық әдіс болса, Түркістандық шенеуніктердің мына әрекетіне не дерсіз?

«Мысалы сәуір айында Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасы медициналық маска сатып алды, ал өнім беруші ретінде тандалған компания гүл жеткізумен айналысады», дейді ҒАЛЫМЖАН ОРАЗЫМБЕТ.

Тап осы облыстағы тағы бір қисынсыз құжат. Облыстық перинаталдық орталық құны 155 мың теңгеге бірреттік 3 бетперде сатып алған. Сондай-ақ наурыз айында Мұнайлы ауданының "№4 жалпы білім беру орта мектебі" 100 дана антисептикке 1 миллион жұмсаған. Жамбыл облысында да қарапайым медициналық қолғаптың бір данасын 6 562 тенге сатып алған.

Жемқорлықтың тамырына балта шабамыз деу асылық айтқандық болар, бірақ мына бір амалдың артық болмасы анық.

Пандемия, індет деп жатырмыз ғой... Осы кеселдің кесірі тимеген бір сала болса бізде, ол коррупция. Биыл 9 айдың өзінде жемқорлық әрекеттері үшін жауапқа тартылғандар саны 900-ден асып жығылған. Ал бұл өткен жылғы өрсеткіштен 11 пайызға көп. Биылғы 12 айдың есебі шыққан жоқ. Сандар өсуі мүмкін екендігін ешкім жоққа шығармайды.