"Тірідей тонап жатыр": Қызылордалық көлік жүргізушілер ақылы жолға қарсылық білдіріп, бас көтерді

0
719

Айтуларынша, қарашаның 23-інен бері жүргізушілер тіпті өздері жүрмеген бағыт үшін де төлем жасауға мәжбүр болған.


Қызылорда облысында ақылы жолдың дауы әлі басылмай тұр. Бұған дейін жауапты "Қазавтожол" компаниясы 2013 жылы министрлік бекіткен тариф бағасы көтерілмейді деп уәде берген еді. Алайда сол тарифтен екі есе көп ақы төлеп жүрміз деген қызылордалық жүк көлігінің жүргізушілері бас көтерді, деп хабарлайды ERNUR.KZ. "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап.

Айтуларынша, қарашаның 23-інен бері жүргізушілер тіпті өздері жүрмеген бағыт үшін де төлем жасауға мәжбүр болған.

Жаңақорған мен Шиелі аудандарынан Қызылорда қаласына жүк тасымалдап жүрген көлік иелерінің сөзінше, ақылы жол жүргізушілердің әбден қалтасын қаққан. Олар жүрмеген жолымызға ақы төлеп жүрміз деп ашынады. Мәселен, Қызылордадан шығып, Жаңақорған ауданына жетпей орналасқан мынадай камерадан ассақ болды, Түркістанның шекарасына дейінгі жүрмеген 99 шақырым жолдың ақшасын төлетеді екен.

“Каръерден тас тиейміз де, Қызылордаға келеміз. Каръерден бастап есептегенде, 151 шақырым. Соған 20 теңгеден есептесек, 3000 теңге шығады. Ал қазір бізге Қызылордаға келу үшін 5 мың мен 8 мың арасында ақша шығып жатыр”, – деді жүк көлігінің жүргізушісі Мұхамеджан Ахметов.

“Табысымыз 25 мың болса, оның 10-14 мыңын жолға төлеп тұрмыз ғой. Сонда жартысын жолға жіберіп тұрмыз. Қажетті құралдар бар одан бөлек. Бұл тірідей тонау ғой”, – деді жүк көлігінің жүргізушісі Жамбыл Жәнібекұлы.

Жүргізушілер "Қазавтожол" компаниясы қара халықты осылай алдап, қалтасын қағуға көшкен деп күйінеді. Ал ең сорақысы жауапты мекеменің басшылары бұл жағдайдан мүлде хабарсыз болып шықты.

“Ұсынысты береміз енді жоғары жаққа. Бұл мәселе шешіле ме, жоқ па білмеймін. Қарастырады ғой. Шешіледі деп айта алмаймын ғой”, – деді "ҚазАвтоЖол" ҰК АҚ Қызылорда облыстық филиалының директоры Ерұлан Жүнісов.

Жүргізушілердің жүрмеген жолы үшін ақы төлеп жатқанын енді білдік деген филиал директоры мәселенің халық жағына шешілетініне өзі де күмәнданып отырғандай жауап берді. Ал әбден ашынған жүк көлігінің жүргізушілері "ҚазАвтожол" ұлттық компаниясы бастапқы берген уәделерінен тайқып кетті дейді. Егер бұған үкімет назар аудармаса, төлем жасауды мүлде тоқтатамыз деп шешіпті.