Тоқаев АҚШ президентіне көңіл айту жеделхатын жолдады

0
499

25 мамыр күні таңертең Техас штатының Ювалд қаласында қаскүнем мектеп оқушылары мен мұғалімдерге оқ атқан. Салдарынан 19 бала мен екі ересек адам қаза тапты.


Тоқаев АҚШ президентіне көңіл айту жеделхатын жолдады

фото: ғаламтордан

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Америка Құрама Штаттарының Президенті Джозеф Байденге Техас штатындағы бастауыш мектепте атыс салдарынан оқушылар мен басқа да азаматтардың қаза болуына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды ERNUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап.

«Қазақстан халқының және жеке өз атымнан қаза тапқандардың отбасыларына шын жүректен көңіл айтамын және зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектеспін. Мен техастықтардың және сіздің барлық отандасыңыздың қайғысына ортақтасамын», – делінген Қазақстан Президентінің жеделхатында.

Айта кетейік, қайғылы оқиға Техас штатының Увальде қаласындағы Робб бастауыш мектебінде болды. Оқ жаудырған 18 жастағы жергілікті тұрғын. Ол оқиға орнына келген тәртіп сақшыларымен атыс кезінде көз жұмды. Соңғы мәлімет бойынша, 19 бала мен екі ересек адам ажал құшты.