"Тоқал алып бергеннен тек ұтамыз": Отандық этнограф бәйбішелерді тоқал іздеуге шақырды

0
4 203

Бірнеше әйел алуға тыйым салудың өзі қастаңдық!


ERNUR.KZ. Отандық этнограф, «Алтын арқау» мәдени-этнографиялық қоғамдық бірлестігінің төрайымы, ҚР білім беру ісінің үздігі Ғалия Қайдауылқызы әйелдерді ерлерін қызғанбай, оның ғұмырлы болуын тілесе, керісінше, екінші әйел алып беруге шақырды. Этнографтың айтуынша, төсек жаңғыртқан ердің екінші тынысы ашылып, үлкен белестерді бағындырады, деп жазады Stan.kz.

"Салт-дәстүрлердің озығы да бар, тозығы да бар, жаңғыртуға лайықтысы да бар. Осы жасқа келгенде ойлаймын. Бұрын көп әйел алғанды қаралап, тіпті жұмыстан шығарып, соттауға дейін барды ғой. Негізінде бір еркекке биологиялық жағынан да, адамдық болмысы тұрғысынан да бір ғана әйелмен тұру қиын болады екен. Психологиялық жағынан да айырмашылығы бар ғой еркектің, мысалы әйел "көндім, көтердім" дейді. Балаларына, үй шаруасына айналады, ал ер адамдар - түздікі. Бұрын біздің әжелеріміз өздерінің еркімен, таңдап жүріп, екінші әйел алып берген ғой. Тоқал деп тиісу үшін, тұқырту үшін мүйізі жоқ сиырға теңеп, айтылған әңгіме. Ал негізінде ол тәркек ететін емес, тәртіпке келтіретін дүние, бәйбіше 40-тан асып, сары қарын тартады, өз тыныштығын ойлайды, осы кезде азаматының біреуге көңілі ауған болса, құлшынысы болса, ақылды әйел әншейін арқасынан сипап, екінші әйелді алып бере қою керек екен", - деген пікірде ұстаз-ғалым.

Ғалия Қайдауылқызы бұл мәселені талай рет көтеріп те жүргенін айтып, бірнеше әйел алудың пайдасы бірінші кезекте тұңғыш әйелінің өзіне тиетінін айтады.

"Ол не үшін керек? Еркектің екінші тынысы ашылып, өмірінде үлкен өзгерістер пайда болады екен. Одан кейін бәйбішенің ұтатыны, ол құрметті болып қалады. Ал екінші әйел азаматтың алдында да, бәйбішенің алдында өзін міндетті сезінеді. Екі әйелдің арасындағы сыйластық күңдестік емес, апалы-сіңілінің қарым-қатынасы сияқты болуы керек. Өйткені екеуіне ортақ, аялайтын да, әлпештейтін де, сақтайтын да бір азамат бар. Бірі бір шаруасына жараса, екіншісі- басқасына", - дейді этнограф-ғалым.

Еліміздегі демографиялық мәселені тілге тиек еткен Ғалия апай: "Одан кейінгі мәселе, баланың көбеюі. Қазір ат басындай алтын берем десең де, бір әйел екі-үшеуден артық туғысы келмейді. Ал екі әйел болса, ең құрмағанда, 5-6 алты бала туылады. Асырай алмаймын деген қорқыныш - еріншектердің әңгімесі. Бәсекелестіктен туындаған. Байдың баласы ананы неге мініп жүр, неге мынаны киіп жүр деген әңгіме. Қанағат сайын берекет десе, әркімнің өз ризық-несібесі болады.

Бәйбішенің тағы бір ұтары бар. Бәйбіше қосағымен қатар қоса ағарып, қартая бастайды. Сол кезде сүйенер, бір жағына шығар жас әйел қажет. Бәйбіше кеңшілік жасап, біреуді кемсітпей, намысына тимей, тоқал сияқты тұқыртатын сөздерді айтпай, өзінің сіңілсіндей, абысынындай, сырласындай көрсе, онда екеуінің де ұтары бар. Әсіресе, азамат сақталады, азамат күтімде болады. Азамат өзі таңдайды, кімнің сәлемін алады, кімнің бүгін тамағын ішеді. Сонда біз жалпы ер адамды сақтаймыз, ал ер адамды сақтау дегеніміз елді сақтау", - деген пікірде.

"Әйелдердің көкбеттеніп, көгеріп-сазарып, өлгенім де осы, көргенім де осы дегені қате нәрсе" деген сенімде қазақ салт-дәстүрлерін зерттеп-зерделеп жүрген Ғалия Қайдауылқызы.

Қазақстанда бірнеше әйел алу рұқсат етілмегенін ескерсек, бұл мәселенің шешімі бүгінгі күннің еншісінде емес. Бұған қатысты этнограф: "Бірнеше әйел алуға тыйым салудың өзі қастаңдық! Мен өзім бұрыннан айтып жүрмін мұның қаншалықты маңызды нәрсе екенін. Бірақ барлық әйелдер "ойбай, жалғыз байымыздан айырайын деп жатырсың ба деп" мені талап-жеп қоя жаздады ғой", - дейді.