Төрт айлық баласын 38 рет пышақтаған атыраулық әйелге қатысты сот басталды

0
160

Күдіктінің күйеуінің сөзінше, әйелі босанғаннан кейін психикалық ауытқу байқала бастаған.


Төрт айлық баласын 38 рет пышақтаған атыраулық әйелге қатысты сот басталды

иллюстрациялық фото

Атырауда төрт айлық баласын пышақтап өлтірген әйелге қатысты сот басталды. Сот сараптамалық зерттеу нәтижесінде қатыгез келіншек сәбиін 38 жерден пышақтағаны анықталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Телеарна мәліметінше, оқиға сәуірде Көптоғай ауылында болған. Әйел адам төрт айлық сәбиін үйінде пышақтап өлтірген. Ол жолдасы аудан орталығына кеткенде осындай қылмысқа барыпты.

Күдіктінің күйеуінің сөзінше, әйелі босанғаннан кейін психикалық ауытқу байқала бастаған. Тіпті сәбиі жылаған кезде көзіне елес көрінетінін жиі айтқан. Әйелін емшіге көрсеткенімен, дертіне дауа таппапты.

"Нәрестенің өлімі жүрек қабығын жарақаттауымен, оң жақ қабықшасын жарып өткен. Кеудесін тесіп өткен. Өлім - түйреп тесілген жарақат салдарынан, жүректің қансырауынан болғаны анықталды", - дейді прокурор Нұрболат Әбілов.

Бес ай бойы тергелген күдікті сот отырысына қатыса алмаған. Себебі 42 жастағы әйел психологиялық диспансерде қатаң бақылауда жатыр. Ондағы мамандар әйелдің диагнозын сот отырысы аяқталғанша айтуы тиіс. Дәрігерлер осы күнге дейін науқастың баласын іздеп немесе өткен іске өкінген әрекетін байқамаған. Дәрігерлердің сөзінше, жағдайы әзірге тұрақты.

"Қазір ол әйел сот шешімімен 20 тамыздан бері бізде емделіп жатыр. Оның диагнозы әзірге дәрігерлік құпия болып саналғандықтан, айта алмаймын. Бірақ жүйке-жүйесінде ауытқу бары жасырын емес. Сот шешімі шықса, науқас әйелді Алматыға емге жіберуіміз мүмкін. Әзірге бақылауда ұстап отырмыз", - дейді Атырау облысы психикалық денсаулық орталығы директорының орынбасары Дамир Қожамтаев.