"Түні бойы ұйықтамадым": Райымқұлова өз мәлімдемесіне қатысты жауап берді (видео)

0
6 167

3000-нан астам термин қолданыстан шықпайды.


ERNUR.KZ. Жаңадан тағайындалған мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қазақ тіліндегі терминдердің өзгеруіне қатысты мәлімдемесін көпшілікке түсіндіріп өтті. Өзінің жазушы-журналистің қызы екенін мақтан тұтатынын айтқан министр ханым қазақ тілін әрдайым ардақтайтынын алға тартты, деп жазады kaz.nur.kz.

Бұл туралы Ақтоты Райымқұлова Нұр-Сұлтан қаласында өтіп жатқан «Мемлекеттік тіл және БАҚ» республикалық конкурсының қорытынды салтанатты шарасында сөйлеген сөзінде айтты. Министрдің айтуынша, есеп беру жиынында терминдерге қатысты жасалған мәлімдемесін кейбір БАҚ өкілдері дұрыс түсінбей қалған.

"Ең алдымен айтарым, 3000-нан астам термин қолданыстан шықпайды. Ол қазақтың сөздері емес. Басқа тілден енген сөздерді тағы да талқылаймыз. Біреулер жазыпты "жазушының қызы осы ма?" деп. Кешірім сұраймын, мен - жазушының, журналистің қызымен. Мен оны мақтан тұтамын. Қаншама жазушыларды көрдім, солардың арасында өстім. Мұқағалидай ағаның мойнында отырып өскен қызбын. Сондықтан, әрқашан да тілімді ардақтаймын. Кешеден бері түні бойы ұйықтамай, "дұрыс айтпадым ба" деп қатты қобалжыдым", - деп ағынан жарылды Райымқұлова.

Сонымен бірге, ол министрлік жұмысындағы олқылықтарды қоғаммен және бұқаралық ақпарат құралдарымен бірге талқылау қажет екенін айтты.

"Мен өзім қазақтың қызы болғандықтан, совет үкіметі кезінде болса да қазақ мектебін бітіргендіктен, түсініспеушілік болып қалса, сіздерде маған деген теріс көзқарас болмай, тілге деген жанашырлық деп қабылдасаңыздар. Шын жүрегіммен рахмет айтып тұрмын", - деді жаңа министр.




Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін белгілі журналист Мәди Манатбек мәдениет министрінің терминдерге қатысты мәлімдемесін қолдамайтынын ашық айтып, президентке хат жолдағаны туралы жазған болатынбыз.


Айтар жаңалығыңыз, бөлісер оқиғаңыз болса, +77752327733 whatsapp нөміріне жіберіңіз

Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет