Тұрғындар сайлаған Талғар қаласының әкімі қызметінен кетті

0
615

Шенеуніктің қызметінен кеткені туралы ақпарат әлеуметтік желілерде пайда болды.


Тұрғындар сайлаған Талғар қаласының әкімі қызметінен кетті

ERNUR.KZ. Алматы облысында тұрғындар сайлаған Талғар қаласының әкімі Қайрат Исабаев қызметінен кетті, - деп жазады Tengrinews.kz.

Шенеуніктің қызметінен кеткені туралы ақпарат әлеуметтік желілерде пайда болды. Талғар ауданы әкімдігі деректерді растау немесе жоққа шығару үшін жергілікті сайлау комиссиясына хабарласуды сұрады.

"Аудан әкімдігінің бұл жағдайға қатысты пікір білдіруге құқығы жоқ, өйткені Қайрат Исабаев халық дауысы арқылы сайланған. Сондықтан Талғар ауданының аумақтық сайлау комиссиясына өтініш жолдауыңызды сұраймыз", - деді әкімдіктегілер.

Бұл ретте сайлау комиссиясының төрағасы Мұхит Дүйсебаев бұл ақпаратқа қатысты пікір білдірді.

"Кеше, 5 сәуірде Қайрат Исабаев өз өтініші бойынша қызметінен кету туралы арыз жазды. Ол денсаулық жағдайына сілтеме жасап отыр. Оның өкілетін тоқтату туралы шешім бүгін, 6 сәуірде шығады", - деді Дүйсебаев Talgarnewskz тілшісіне.

Еске салайық, былтыр қарашада өткен қала әкімін сайлауда Қайрат Исабаев жеңіске жеткен болатын. Ол кезде сайлаушылардың 58 пайызы дауыс берді, Исабаев 53,5 пайыз дауысқа ие болды. Әкім лауазымына барлығы үш адам үміткер болған.