ТҮРКІСТАН ТАТАМИІ: Ел чемпионатында 800-ден астам спортшы күш сынасып жатыр

0
2 188

4 күн бойы әр салмақтың мықтылары анықталып, 2024 жылғы спорт маусымында ел намысын қорғайтын жасөспірімдер құрамасы жасақталмақ.


ТҮРКІСТАН ТАТАМИІ: Ел чемпионатында 800-ден астам спортшы күш сынасып жатыр

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бекітілген еліміздің басты саясатына сәйкес, сапалы өмір үшін ең қажетті салалар, соның ішінде спортқа айрықша көңіл бөлініп келеді. Мұны күн сайын өңір-өңірде өтіп жатқан дүбірлі додаларға қарап айқын аңғаруға болады. Осы орайда, еліміздің рухани астанасы, түркі мемлекеттерінің түпқазығы – Түркістан төрінде де байрақты бәсекенің жалауы желбіреді. Дәлірек айтсақ, бүгін шаһардағы «Olympic center» спорт кешенінде дзюдо күресінен 2007-2008 жылы туылған жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды. 24-27 ақпан күндері аралығында өткізілетін бұл сайысқа жалпы 16 салмақ дәрежесі бойынша әр өңір мен республикалық маңызы бар қалалардың кіл жүйріктері жиылған. Сәйкесінше, 4 күн бойы әр салмақтың мықтылары анықталып, 2024 жылғы спорт маусымында ел намысын қорғайтын жасөспірімдер құрамасы жасақталмақ.


Аталған доданың ресми ашылуына Түркістан облысы әкімдігі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов, Қазақстан Республикасы Дзюдо федерациясының атқарушы директоры Айбек Имашев пен Түркістан облысы дзюдо федерацияның президенті Хамитдин Жарқынбеков арнайы қатысып, бұл спорттың тарихы, қазіргі ахуалы, алға қоылған мақсат-міндеттер жөнінде ойларын айтты. Сонымен қатар, сайыстың сәтті өтетіндігіне сенім білдіріп, жас спортшыларға сәттілік тіледі.


Еркеғали Әлімқұловтың айтуынша, қазіргі уақытта бір ғасырдан астам тарихы бар спортпен әлем бойынша 28 миллионнан астам адам айналысады екен.


- Құрметті спортсүйер қауым, жанкүйерлер мен спортшылар, киелі, қасиетті Түркістан қаласының төрінде өтіп жатқан тамаша жарысқа қош келдіңіздер! Жасөспірімдер арасындағы ел чемпионатын Түркістанда өткізу біз үшін үлкен жауапкершілік әрі зор мақтаныш. Өз атымнан барша қатысушыларға, жаттықтырушылар мен федерация қызметкерлеріне алғыс айтамын. Дзюдо спортының негізі 1882 жылы Жапонияда қаланған. Бүгінде бұл спортпен 180-ге жуық мемлекетте 28 миллионнан астам адам айналысады. Тиісінше, біздің де спортшыларға сәттілік тілеймін. Сондай-ақ осы киелі мекеннен рухани азық алып кетеді деп сенемін. Алдағы жарыстарда, әлемдік додаларда қазақтың туын аспанға көтеріп, әнұранымызды шырқатуларыңызға тілектеспін. Бүгінгі сайыс ресми түрде ашық деп жариялаймын,- деді Еркеғали Амантайұлы.


Ал, дзюдо федерациясының атқарушы директоры Айбек Имашевтің сөзіне сүйенсек, 800-ден астам спортшының ішінен ұлттық құрама мүшелері іріктелмек.


- Қайырлы күн, спортшылар мен спортсүйер азаматтар. Бүгін бастауын алып отырған дзюдодан жасөспірімдер арасындағы ел біріншілігіне қош келдіңіздер! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың спорт саласын дамыту бойынша берген тапсырмаларына сәйкес, дзюдодан ел біріншілігі жыл сайын өткізіліп келеді. Биылғы біріншілікке 820 спортшы қатысуда. Осы жарыста мықтылығын дәлелдеген спортшылар ұлттық құрама қатарына енуге мүмкіндік алады. Осында жарыстан бастау алған спортшыларымыз әлемдік аренада еліміздің көк туын желбіретеді деп сенеміз. Жарыс жоғары деңгейде өтсін. Төрешілерге – әділдік, жанкүйерлерге – әсерлі күрес тілеймін!, - деген Айбек Әсетұлы жарысты ұйымдастыруға қолдау білдірген Түркістан облысы әкімдігі мен облыстық дзюдо федерациясына алғысын жеткізді.


Сонымен қатар, Түркістан облысы дзюдо федерацияның президенті Хамитдин Жарқынбековты да сөзге тартып, бірнеше сауалымызға жауап алдық. Федерация президенті осы сайыстан соң тағы бір ауқымды жарысты ұйымдастыру бойынша ұсыныс білдірмек.


- Түркістан төрінде өтіп жатқан бәсекенің жеңімпаздары мен жүлдегерлері биыл Кореяда өтетін Азия чемпионатына, Түркіменстанның Ашхабад қаласында өтетін Әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік алады. 3 мегаполис пен барлық 17 облыстың спортшылары қатысып жатқан жарыс жоғары деңгейде өтуде. Жастарымыз осындай үлкен ареналарда күресіп үйренуі керек. Бұл шет мемлекеттердегі жарыстарға барғанда пайдалы болады. Ел чемпионатына Түркістан облысынан алпыстан астам спортшы қатысып жатыр. Бұл өңірлер арасындағы үздік көрсеткіш. Бірінші жарыс күнінде екі спортшы ақтық сынға жолдама алса, бір спортшы үшінші орын үшін күреседі. Жалпы сайыс қорытындысы бойынша алдыңғы қатардан көрінеміз деп үміттенемін. Ең кемі 3 алтын алуды жоспарлап отырмыз. Тағы бір айта кетерлігі – өңірімізде аталған спорт түрін дамытуға жергілікті билік де, жеке кәсіпкер демеушілер де ерекше көңіл бөліп, барынша қолдау жасап жатыр. Осы орайда жыл сайын Түркістанда түркі мемлекеттері арасында да байрақты бәсеке ұйымдастырсақ деген жоспар туындап отыр. Бұл идеяны жарыс аяқталып, басқарма мен халықтың бағасын алғаннан соң ұсынамын, - дейді ол.


Дзюдо күресінен жасөспірімдер санатындағы аға жаттықтырушы Баймаханбетов Мейірлан болса, ел чемпионатына келген спортшылардың барлығының дайындығы жоғары екендігін айтты. Оған Түркістан татамиіндегі тартысты белдесулер негіз болып жатқан көрінеді. Бұл сайысты ұйымдастырудағы мақсат та сол – жас спортшылардың дайындығын жақсартып, деңгейін көтеру екен.


Атап өтсек, ел біріншілігінің алғашқы күнінде 50 және 55 келі салмақ дәрежесіндегі ұлдар, сонымен қатар 40, 44 және 48 келі салмақ дәрежелеріндегі қыздар күш сынасты. Сәйкесінше, бес салмақтың екеуінде түркістандық спортшылар жеңімпаз атанса, Шымкент қаласы, Қызылорда, Жамбыл, Абай және Алматы облыстарының да қанжығасы майланды. Қалған салмақтар бойынша жарыс келесі күндерде өткізіліп, дзюдодан 2007-2008 жылы туылған жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты 27 ақпан күні түйінделмек.


Бауыржан Мейірханұлы,

ERNUR.KZ