Түркияда қамалған қазақ қызының анасы: "Өлі, не тірі екенін білмейміз" (видео)

0
398

Үш айдан бері шет елде қамауда жатқан отандасымыздың туыстары оның кінәсіз екенін айтып отыр.


Түркияда қамалған қазақ қызының анасы:

ERNUR.KZ. Түркияның Стамбул қаласындағы түнгі клубта күзетшіден оңбай таяқ жеген қазақ қызы туралы туыстары хабар біле алмай отыр. Отандасымыз Ұлбосын Малғаждарова қорғанбақ болып күзетшінің саусағын тістеп алған. Артынша оны полицейлер қамауға алған болатын, деп жазады exk.kz.

Енді Ұлбосынның анасы Әлима Ошаева Қазақстан билігінен көмек сұрайды. Үш айдан бері шет елде қамауда жатқан отандасымыздың туыстары оның кінәсіз екенін айтып отыр.

"Оқиға 11 шілде күні болған. Содан бері сіңліммен сөйлесе алмай отырмын. Қасындағы құрбыларының айтуынша, олар тағы бір құрбыларының туған күні болып, кафеге барыпты. Кафе әкімшісі бұл қыздарды жеңіл жүрістілер деп ойлап, телефон нөмірін сұраған. Қыздар телефон нөмірлерін бермеген. Жанжал содан басталған болып тұр ғой. Қыздар да ауыр сөз айтқан шығар енді. Кез келген адам намысының тапталғанын қаламайды ғой. Видеосын көрсеңіздер менің бауырыма атпалдай еркектер жабылып, шашынан сүйрейді. Сабинаның (құрбысы — ред) айтуынша, күзетшілердің бірі Ұлбосынның аузын екі қолымен күштеп ашқан, бәлкім жағын айырып жібергісі келді ме, білмейміз онысын. Сол кезде сіңлім саусағын тістеп алған. Жан-жақтан жабылып тұрған соң қорғанбақ болған ғой", — дейді Ұлбосынның әпкесі Фируза Ошаева.

Түнгі клуб қызметкерлері полиция шақыртып, Ұлбосын Малғаждарова сол күні қамауға алынды.

"Қасындағы қыздары "Адвокат жалдадық. Адам өлтірген жоқ қой. Саусағын тістеген. Ары кетсе, айыппұл төлетеді немесе елден шығарылады. Бастысы, уайымдамаңыздар. Он күн шыдаңыздар" деп сендірді. Кейін түрлі сылтаумен тағы он күнге созылды. Міне, содан бері үш айдан асты. Қазір ол құрбыларымен де байланыса алмай отырмыз", — дейді Фируза Ошаева.

Ұлбосынның туыстары ақылы негіздегі адвокатпен өздері де хабарласқан. Ол да "шығады, күтіңіздер" дегеннен ары аса алмапты. Алайда қандай баппен іс қозғалғанын хабардар етпеген. Бүгінде туыстары онымен де байланыс орната алмай отыр.

Фируза Қазақстанның Түркиядағы елшілігінен көмек сұрағандарын айтады. Ондағылар Түркия түрмесіне барып, жағдайын біліпті. Бірақ қыздың өзімен хабарластыра алмапты.

"Ұлбосынмен кездескендерін, жағдайы жақсы екенін айтты. Шағымым жоқ депті. Сіздерге хабарласады деді. Әлі жоқ. Қаншама уақыт өтті одан бері. Тым болмағанда қызымның дауысын ести алмай отырмын. Не өлі, не тірі екенін білмеймін. Ана жүрегім қан жылап барады. Қайтемін, ол шет елге қай жетіскенінен кетті дейсіздер?! "Сонда жұмыс істеп, жағдайымды түзетіп келейін. Қыздарым да өсіп келеді. Қатарынан қалдырмайын" деп кетті ғой. Біздің де жағдайымыз мәз емес. Қыздары аналарын күнде сұрайды. Тіпті не айтарымызды білмейміз. Немерелерім Ұлбосынның қамауда жатқанынан бейхабар", — деді Ұлбосынның анасы көз жасын тый алмай.

"Перзентім" деп шырылдаған ана Қазақстан билігінен көмек сұрайды.

"Қызым таяқ жей тұра қамалып отыр. Адам өлтірген жоқ қой. Өзін қорғану үшін саусағын тістеп отыр. Сары уайымға салынып, өзімнің денсаулығым да нашарлап кетті. Ақ жаулықты ана ретінде биліктегілерден араша сұраймын. Әділдік іздеймін... Үйде шырылдап екі қызы күтіп отыр",-деді Ұлбосын Малғаждарованың

33 жастағы Ұлбосын Малғаждарова құрбысы Сабинамен өткен жылдың қаңтар айында нәпақа табу үшін Түркияға барған. Стамбулда кафелердің бірінде ыдыс жуушы болып жұмыс істеп жүріпті. Туыстарымен күн сайын видеобайланысқа шығып отырған. Отбасына, өзінің екі қызының (14 және 10 жасар — ред) киімдеріне деп ай сайын тұрақты түрде ақша жіберіп тұрыпты. 19 шілде күні Ұлбосын анасының туған күніне тосынсый жасайтын болып, елге қайтуды жоспарлаған екен. Ал оқыс оқиғаның 11 шілде күні болғанын айттық.


Стамбулда түнгі клубтардардың бірінде соққыға жығылған қазақ қыздары туралы бұған дейін жаздық.