Түркияда қазақстандық телеарналар көрсетілуі мүмкін

0
327

Қазіргі уақытта «Хабар» және «Хабар 24» телеарналарын Түркия, Әзірбайжан және Өзбекстанда көрсету мүмкіндігі мәселесі қарастырылуда.


Түркияда қазақстандық телеарналар көрсетілуі мүмкін

ERNUR.KZ. «Хабар» Агенттігінің құрамындағы телеарналар хабар тарату географиясын кеңейтуге дайын. Бұл туралы Берік Уәли Ыстамбұлда өткен медиафорумда мәлімдеді, деп жазады baq.kz.

Қазіргі уақытта «Хабар» және «Хабар 24» телеарналарын Түркия, Әзірбайжан және Өзбекстанда көрсету мүмкіндігі мәселесі қарастырылуда.

Біз түркітілдес елдердің хабар тарату ұйымдары арасында телеөнімдер көрсетілімін ұйымдастыру және өндірісті арттыруға бағытталған нақты ұсыныстар әзірлеуге дайынбыз. Атап айтқанда, қазақстандық телеөнімді туыстас елдерде көрсету жайына назар аударып, «Хабар» Агенттігі көркем туындыларды айырбастауды қарастыруға әзір екенімізді жеткіземіз. Қазір «Хабар» және «Хабар 24» телеарналарын Turksat 3A және Azerspace жерсеріктері арқылы Түркия мен Әзірбайжанда көрсету мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Өзбекстан аумағында да арналарымызды таратуға рұқсатнама алу ойымызда бар, - деді «Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы Берік Уәли.

Қазақстандық медиахолдинг басшысы телеөнімдерді интернет-ресурстарда көрсетіп, монетизациялау және онлайн кинотеатрларды ұйымдастыру мүмкіндіктерін пайдалануды атап айтты.

Берік Уәли түркі елдері арасындағы көркем фильмдер мен сериалдар алмасуы елдегі мазмұн алуан түрлілігін арттырып қана қоймай, көрермендерді бауырлас халықтардың мәдениетімен жақсырақ таныстыратынына сенімді.

Естеріңізге сала кетейік, Түркия астанасында Түркі мемлекеттері ұйымының медиа және ақпарат саласына жауапты министрлері мен жоғары лауазымды тұлғалардың 4-ші отырысы өтті. Кездесудің мақсаты – түркі мемлекеттері арасындағы БАҚ және коммуникация саласындағы ынтымақтастықты дамыту болды.