Тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан сегіз адамның өмірі үзілді

0
287

Күніне 20-ға жуық адамнан полицияға шағым түседі.


Тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан сегіз адамның өмірі үзілді

ERNUR.KZ. Өкінішке қарай, бүгінде отбасылық жанжал жағдайлары жиілеп тұр. Тек Павлодар облысының өзінде соңғы төрт айдың ішінде бір мыңнан астам шақырту түскен, деп жазады inbusiness.kz.

Алайда шағым білдірушілердің өздері кейін өтініш беруден бас тартып, туыс-туғанын кешіріп жатады. Павлодар облыстық полиция департаментінің дерегінше, 1 шілдеден бастап "102" нөміріне тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 1077 шақырту келген. Тәртіп сақшылары сол шақыртулар бойынша барып, әкімшілік істерді бастаған тұста 200-ге жуық жәбірленуші өтініш беруден бас тартқан. Бірақ оның салдары кейде қиынға соғып жатады.

"Павлодар қаласының өзінде бір күнде 15-20 жәбірленушіден хабар келеді. Көп жағдайда ұрыс-керіс ерлі-зайыптылар арасында орын алып жатады. Бұрынғы күйеуі келіп, әйелдің, балалардың мазасын алады. Мүлікті бөлісе алмайтын кездері болады. Қаржылай дағдарысқа байланысты туындайтын кикілжіңдер де көбейді. Бірақ бұл ретте барлығы тек ер адамның кінәсі деп үзілді-кесілді айтуға да болмайды. Кейде ер адамдар да қыз-келіншектерден зәбір көргенін айтып, шағымданады", - дейді полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.

Өкінішке қарай, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың салдарынан жыл басынан бері 8 адам көз жұмды. Барлығы екі мыңнан астам адам зәбір көрді. Отбасылық жанжалдарды шығарған 4,5 мың адамға жәбірленушілерге жоламауға қатысты ескерту жасалды. Бірақ 256 адам адам мұндай ережені ескерген жоқ.

Айтпақшы, бүгінде қол көтеріп, қыспаққа алған адамды тек бір рет кешіруге мүмкіндік бар. Егер жанжал үш рет қайталанса, әкімшілік жазамен оңай құтылып кете алмайды. Мұндайда қылмыстық іс қозғалады. Жыл басынан бері бір азамат Қылмыстық Кодекстің 110-бабы бойынша жауапқа тартылды.