"Тынысы тарылған": Семейде жатақхана студенттері жаппай уланып қалды

0
810

Студенттер жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілді.


ERNUR.KZ. Семейде жатақхана студенттері бұрышты газ баллонынан шашылған газдан уланып қалды, деп жазады sputnik.kz

Электротехника колледжі басшылығының мәліметінше, 29 қазан күні 23:30-да төртінші курс студенті жатақхана бөлмесінде байқаусызда бұрышты газ баллонынан аэрозоль шашқан. Салдарынан 14 студенттің көзі қызарып кетті.

Колледж әкімшілігі шұғыл шара қабылдады – жедел жәрдем мен полиция шақырған.

"Жатақхананың кіреберісінде күзет жіті тексереді, бірақ өкінішке қарай, бұл жолы баллонды анықтау мүмкін болмады. Өйткені ол өте кішкентай. Студент оны қалтасына салған. Сағат 23:00-де студенттер ұйықтайды. Жігіт те соны күткен болуы керек, 23:30-да баллонды басып қалған. Бұл камерадан да көрінеді. Салдарынан жатақханада дүрбелең болды, студенттер тынысы тарылып, көшеге жүгіріп шықты", − деді колледж директоры Марат Серікболұлы.

14 адам зардап шеккен, олар, негізінен, медицина колледжінің студенттері. Көздері қызарған студенттер жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілді.

Газ шашқан студенттің үстінен ұсақ бұзақылық фактісі бойынша іс қозғалды.

"Біз Үржарда тұратын ата-анасын шақырдық, қазір олар жолда. Жас жігітті оқудан шығару түрінде жаза күтіп тұр. Колледждің тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары мен басқа да қызметкерлерге сөгіс жарияланады", – деді Марат Серікболұлы.

Дәрігерлердің айтуынша, зардап шеккен студенттердің жағдайы тұрақты, денсаулығына қауіп жоқ. Кейбірі ауруханадан шығуға дайындалып жатыр.

"Бүгінде университеттің стационарлық госпиталінде белгісіз газдан уланған 14 бала бар. Кеше оларға шұғыл көмек көрсетілді. Алтауы бірден үйіне жіберілді. Қазір ауруханада жатқандардың жағдайы тұрақты, орташа ауыр. Паиценттер бақылауда. Түнде сегіз адам жансақтауда жатты, бірақ таңертең беті бері қараған соң, кәдімгі палатаға ауыстырдық", – деп мәлімдеді "СМУ" КЕАҚ университет госпиталінің кезекші педиатрі Балжан Олжаева.

Бұл фактіге қатысты Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-тармағы (Бұзақылық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. ҚПК 201-бабына сәйкес тергеудің өзге де мәліметтері жария етілмейді.

Электротехника колледжінің жатақханасында 291 адам тұрады, оның ішінде 99 – электротехника колледжінің студенті, 173 – "Семей" медицина колледжінің студенті, 18 бала Қазтұтынуодағының агробизнес және экономика колледжінде оқыса, біреуі медицина университетінде білім алады.